Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  104


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Абыройы асқақ, асқан ер

Жыл сайын жайнап, нұрланып жатқан гүл-өңі,
Астана – елдің дүрсілдеп соққан жүрегі,
Бəйтерек – оның қуатты, мықты білегі,
Болсын де қабыл жұртымның жақсы тілегі.
Қырылып қойдай, қояндай болған қазағым
Тағдырдың тартты басына түскен азабын.
У жұтып жүріп, тілі мен дінін сақтады,
Толтырар түбі ортайып қалған қазанын.
Полигон жауып, ғарышқа қазақ ұшырып,
Алмайық дедік намысты қолдан түсіріп,
Еркін ел болдық қазақша сөзді түсініп,
Астана сонда көрсетті нағыз кісілік.
Өткен тарихқа, шығар жарыққа үңіліп,
Өшкенім жанып, өлгенім жатыр тіріліп,
Шет елдермен де тіл тауып отыр дəл қазір,
Астана жұрты парасат дəнін сіңіріп.
Миымыз қайнап, ауырмауы үшін босқа бел,
Бір жерге жинап, қосылды басы босқан ел,
Елдермен өзге теңелсе енді терезе,
Астана бүгін абыройы асқақ, асқан ер.
Аяққа қайтып тапталмау үшін арымыз,
Жүзеге асып ел қамын жеген заңымыз,
Желтоқсан желі оңынан соғып тұрғанда,
Астана, саған арнаймыз тілек бəріміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу