Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  100


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЖҰЛДЫЗДЫ ДӘУІР

Далаға шықсам, аспанда жұлдыз самсаған,
Жүзіңді көріп, шаттанып тұрған қанша жан.
Қадайды көзін жанары – сынды арудың
Бабамның, бəлкім, арманы шығар аңсаған.
Төсінде көктің маржандай болып шашылған,
Жұлдызға мен де ғашық боп өстім жасымнан.
Болғанда жолым, жұлдызым жанды деуші едім,
Жұлдызым менің кетпейтін мəңгі басымнан.
Қанатты кеме секілді талмай самғаған,
Өтті ғой дəуір...
Өтті ғой зулап сан заман.
Əлі де бірақ тоқтамай көшіп келеді
Жұлдыздар көші ғарышты кезіп, шарлаған.
Кеудеге қонып, ерлердің даңқын асырған,
Жұлдыздан менің болған жоқ сырым жасырған.
Жұлдызым дедім, жарығым дедім жарымды
Еркелеп келіп мойныма менің асылған.
Өтті де жылдар...
Өзгерді менің шырайым,
Өзгере берсін, жақсылық болсын лайым.
Өзгерер дала, түрленер дала, гүлденер,
Өзгерер бəрі.
Өзгермес жалғыз күн, айым.
Жарығын құйып тұрғанда жерге күн қызыл,
Көгеріп-көктеп, ер жетер ертең ұл-қызым.
Сана да, салт та, сапа да, сыр да өзгерер,
Өзгермес, бірақ, жарқырап жанған жұлдызым.
Кезінде жайған қанатын кеңге өр елім,
Жұлдызды дəуір!
Сен едің менің өлеңім.
Аспаннан түскен жай оғы құсап естілді
«Жұлдызды соғыс, жұлдызды соғыс!» – деген үн.
Біреуге жаны, біреуге кейде мал қайғы,
Соғыстың, бірақ, жұлдызы əсте жанбайды.
Соғыс пен жұлдыз, жұлдыз бен соғыс... Екеуін
Бір сөйлем қылып айтуға мүлдем болмайды.
Соғысың – сұмдық, жұлдызым – жігер, жалын ғой,
Соғысың – сорың, жұлдызым – жүрек, жаным ғой.
Жер менен көктей жұлдыз бен соғыс арасы,
Сөздердің сыры елдерге тегіс мəлім гой.
Жұлдызды көктің кеудесі шерден босасын,
Жұлдызын тапсын, үмітін жақсын жас асыл,
Жылытып жұртты, жасарып, жайнап, жетіліп,
Жұлдызды ғұмыр, жұлдызды дəуір жасасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу