Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  94


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ӨЛЕҢ

Жан сырымды жасырмай аштым көпке,
Тап болып өлең деген асыл дертке,
Əйтеуір, салып жүрмін басымды өртке.
Күтпедім ешкімнен де көп көмекті,
Біреулер мені бекер өкпелетті,
Тек өлең көңілімді көктем етті.
Біреулер аяғымды шалды менің,
Сонда да елемеді нар – жүрегім,
Кегімді өлең ғана алды менің.
Өксік кеп тірелгенде алқымыма,
Қанша жан сүйеу болды қолтығыма,
Жырымның бөленді олар жарқылына.
Кеткендей төбем сонда көкке тиіп,
Қалмадым көкірекке өкпе түйіп,
Ұсындым өлеңімді көпке сүйіп.
Ашылды жан сарайым, басылды өртім,
Жарқырап көзге түсті жасыл көркім,
Басымнан кете көрме, асыл дертім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу