Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  121


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚОС АНАР

Ат қосшысын қасына ап,
Үсейін шықты сейілге.
Жол бойында жасыл бақ,
Қашқар қалып кейінде.
Қызығы еді жалғанның,
Кезіндегі серуендер.
Мырзасына орданың,
Тағзым қылды керуендер.
Құлын мүше жорғасы,
Жұлдызша ағып келеді.
Қасындағы жолдасы,
Бозғыл шаңға ереді.
Кезігеді қандай аң,
Делебесі қозады.
Болмаған соң алды аян,
Көшті ойдың тозаңы.
Қоңыр аңы қансырап,
Жалмамақ па жат тағдыр.
Көзден жасы тамшылап,
Күрсінеді қарт Памир.
Жаралаған тастарын,
Оқтың ізі аз ба екен.
Ғашықтарға жас талын,
Бүркеп еді-ау жаз мекен.
Үркін көрген пысқырып,
Ұйысады ақ бөкен.
Қайсы бірін түсті іліп,
Қай сұр мерген атты екен.
Тасқа кімдер оқ құсты,
Шыққанда арқар селтиіп.
Омақасып оққа ұшты,
Тұмсығымен жер түйіп.
Дала жатыр қаңырап,
Сыңсиды орман құсалы.
Жетім лақ маңырап,
Панасынды құшады.
Ұлы тауға таң сəрі,
Шықса-дағы Үсейін.
Басылмады аңсары,
Демеді аттан түсейін.
Сəске түстің кезі еді,
Өте шықты бір сағым.
Мылтығын ол кезеді,
Айқара ашып құшағын.
Алтын киік ойқастап,
Зыта берді ілдірмей.
Қуғыншыға ой тастап,
Мекенін де білдірмей.
Қуа-қуа киікті,
Жігіт ақыр шөлдеді.
Киік тастап биікті,
Ойыстады, белдеді.
Жеміс иісі аңқыған,
Жасыл баққа енген бе?
Із суытпай артынан
Жетті үлгіріп мерген де.
Бақ иесі бағыбан,
Бар екен бір қария.
Қуғыншының сабылған,
Тұра қалды алдына.
Жігіт айтты: – шөлдедім,
Бір шыны су болар ма?
Шал жүгірді: – су тегін
Айтайын – деп, – балама.
Қос анардың шырынын,
Жігітке қыз ұсынды.
Қалтыратып буынын,
Жігіт бірдем қысылды.
Мүмкін пері ойнағы,
Киік боп қыз көрінген.
Деп те жігіт ойлады,
Көзін алмай керімнен.
Қара қасы қиылып,
Жанарында қиян-құз.
Ақ қайыңдай иіліп,
Тұр алдында ұяң қыз.
Алды жігіт шыныны,
Қыз жанары сусыды.
Қос анардың шырыны,
Махаббаттың сусыны.
Біл дегендей сырымды,
Жігітке қыз сынатты.
Қос анардың шырыны,
Неке суы сияқты.
Көрсетіп тұр жамалын,
Жігітке арнап жастығын.
Бұтағына анардың,
Қыз байлады ақтығын.
Туған жері риза,
Шапан киген ноқалы.
Қазір-дағы бұл иза
Аталады Опалы.
Торқалы той өтелді,
Жиылып дос атаулы.
Шаңырағын көтерді,
Түрік жігіт отауы.
Елге əйгілі ғұлама,
Үсейіннің үйінде;
Дүниеге бір бала
Келді көріп дүние.
Əулиесі қаланың,
Бар еді бір ойлы қарт.
Шақырды да азанын,
«Махмұт» деп қойды ат.
Рабия ханымның,
Құшағында ол тербелді.
Болашақтың ғалымын,
Бірақ та ана сезбеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу