Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  145


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жаралы ақбөкен

Ұқсайды қоңыр-салқын өмір жазға-ай,
Кекілді ақтаң кердей, шобыр боздай.
Тепеңдеп таудан асқан таңдар қайда,
«Созатын даусын Біржан
қоңыр қаздай».
Кекілін ақтаң кердің мың сыладым,
Ал, баста, күйшілерім, жыршыларым!
Бұл дүние – аяқ ұршық, тоқтатпайды,
Жақынды қырық күн де жоқтатпайды,
Заяға салып мен де қырсығамын.
Тоқыма бөкебайым қылаң дедім,
Адырдан ауған жалғыз құлан дедім.
Қайлауға көнбей қойған сол күндер-ай,
Шөгелдің саңқылындай бір ән бе едің?
Мендегі жазық маңдай төбел ме еді,
Төбелдің бұл күн емес өрер белі.
Хан қыздар бұлт ішінен жерге түсіп,
Құс жастық сабап маған берер ме еді?
Арқарлар күн сүзетін асқарында,
Тау басы тартып кетсем басқа мұңға.
Ат алып аталыдан, майын мініп
Басын бір қайырушы ем...
Жаз салымда.
Он сала өзендері аңғар өпкен,
Заман да бұл-бұл ұшты зағара еккен.
Алтайы қызыл бөркі қисаймаған,
Алтайда қадау-қадау шалдар өткен.
Кигені бөкен жарғақ, кебенекпен,
Қобдадан деме күйші неге кеткен?
Жусанның иісі жұпар өз жерінде,
Қарттар-ай, иісі бар сөздерінде,
Жүрекке жиі-жиі тебен өткен.
Тарқатсам тарам сөзді Кәлек жайлы,
Бітеді бипазға да бөлек қайғы.
Көнекті жібітетін күй қасқасы-ай,
Сендегі өрік те әйгі, терек те әйгі.
«Кенже тал», «Хан жұбату», «Өрелігер»,
Өрт құшып, аман қалар өрені бер.
Ұшынан сыбызғыңның тамып жатқан
Көз жасым толы мынау зерені көр.
«Жаралы ақбөкенді» ойнат тағы,
Аңызға аба шыққан бойлат тағы.
Есендес жалғыз шалым сіз едіңіз
Ертістің Қызы адасқан аймақтағы.
Ақбөкен, өмірім бе ең, өлеңім бе ең,
Мұңдассың бала күнгі үлегіммен.
Шашымды селеу-селеу жел жайпаған,
Селбі ұстап жалаң табан келемін мен.
Іштегі екі ішегім босап барып,
Әйтеуір, мамырлаймын қош ақтарып.
Жаралы ақбөкенім содан бері
Түсімде жүреді ылғи қосақталып.
Жан-жағым қалың тобыр үймелеген,
Жел сөзді таңдайға сап «бүй» демегем.
Біздерді тірі күнде кім түсінсін,
Тіріде кем қадірі күй мен өлең.
Күйшім-ау, зәру боп жүр
досқа-ай санам,
Қалғандай астымдағы баспай шабан.
Жүрек – сау, шаршаса егер,
жұлып алып,
Ертістің толқынына тастай салам.
Көңілге бір қайғыны май желі артып,
Сақадай саққа ауыр ойды ұзартып.
Онсыз да суық жүрек, жатар солай,
Ертістің көп тасынан қай жері артық?!.
...«Жаралы ақбөкен-ай».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу