Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  100


Автор: Азамат Тасқараұлы

Ай мен ертіс

«Ай көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім.
Ескі айым, есірке,
Жаңа айым, жарылқа!..»
Қызарақтап жанған айға
Дұға қылдым осылай.
Он бесінен толған айға
Дұға қылдым осылай.
Не бар енді тоңатындай,
Жаутаңдаман тілекке әр!
Ертең өліп қалатындай
Сүйгізетін жүрек бар.
Жасыл сөздер бүр атады,
Бөлек күйге бөлер түс.
Жалғыз ұлын жұбатады
Жалбыз татқан көне Ертіс.
Тор-аспанға құсын өріп,
Аһ ұратын өзенім.
Шалғай кетсем түсіме еніп
Шақыратын өзенім.
Өзек тілген өткір, мұңды ой
Ұқсағаны-ай пышаққа.
Ай жамылып кеп тұрмын ғой,
Толқыныңмен құшақта.
Қызуы мол өрт-дененің
Жолы болса белесте –
Аялауға серт беремін,
Айналғанша елеске.
Айналғанда елеске анық,
Келер тағы бір ақын.
Сені көрсе мені еске алып,
Мені еске алып тұратын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу