Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  81


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Армандарым...

Армандарым,
Алысқа жетелеңдер,
Арманына байланып өтеді ерлер!
Қанатынан қайырылса ақ құс арман,
Адалдықтың парызы өтелер ме?!
Түңілтпеңдер,
Үзбеңдер үмітімді,
Онсыз да сан жүрегім үгітілді.
Мүсіркеме сен мені,
Арт жүгіңді,
Қарсы аламын қасқайып ұлы сынды!
Сүйреме тек,
Тоса бер иығыңды,
Аласартпан ешқашан биігімді!
Кері тартпа, əйтеуір кежегемнен,
Еселеме, əйтеуір күйігімді!
Бастаса да бұралаң жолдар қайда,
Ақын-жүрек алқынып,
Толғанбай ма?!
Тартып алам еншімді,
Ерегессем,
Тек тимеңдер…
Шертпеңдер сормаңдайға!..
Болмысымда көсілген көңілдеймін,
Арманымды алдама,
Өмір деймін!
Күрсеңінде қалмаймын,
Түлеп ұшам,
Пенделіктің шаңына көмілмеймін!
Жазылмаған əлі де жан жырым бар,
Шабыт болып жүректі жандырыңдар!
Ізгілікті іздеймін іркілместен,
Құмарымды, əйтеуір,
Қандырыңдар!
Армандарым,
Алысқа самғатыңдар,
Самғатыңдар,
Үміт боп жалғасыңдар!
Айналыңдар жырыма жалын атқан,
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Таң асырған,
Жүректерге жететін сан ғасырлар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу