Аңыздар ✍️

  30.05.2022
  187


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бір уыс алтын мен бір уыс тары

І
Ерте-ерте заманда
Ағайынды қос жігіт,
Арыс, сенің жағаңда
Отырыпты қос тігіп.
Қос дейтін де қос емес,
Баспанасы – жертөле.
Үміттері – бос елес
Алдарқатып ерте ме?
Балық сүзіп талшыққа,
Бөліп ішіп тапқанын,
Деп әйтеуір «Жаншықпа»,
Білем жүріп жатқанын.
ІІ
Аң қаққалы інісі
Кетті бір күн қыр асып.
Кеңігендей тынысы,
Үмітке үміт ұласып.
Жортқан қоян, киіктен
«Бірі түсер тұзаққа,»
Деген жақсы үмітпен
Кетті біраз ұзап та.
Шыжғырып күн барады,
Көлеңкелер пана жоқ.
Тұншықтырып даланы,
Жел емес бір жанады от.
Шөлдеп дала жұтынған
Су сұрайды зарығып.
Бір жұтқыз деп құтыңнан
Тіленгендей жалынып.
Бір белестен асқанда,
Көрді көне қорымды.
Қайда бармақ қашқанда,
Дем алған да орынды.
Ай көтерген күмбезі
Көрді барып қабырды.
Түспейді екен күн көзі,
Көлеңке де табылды.
Көңілі сәл сескеніп,
Алғашында тұрса да,
Үрейге де дес беріп,
Үйренгендей біршама.
Жортқан қоян, киіктің
Ілікпеді бірі де.
Жаманы осы күйіктің,
Кінә да жоқ ініге.
Отыр қалғып, дем алып,
Қу моланың ішінде,
Бір қоянды жеп алып,
Жатыр шалқып түсінде.
Тағы да бір марқасқа
Әкелгенде қоянды.
Кесек батып жамбасқа,
Аунап түсіп оянды.
Қоян түгіл, тышқан да
Көрінбеді маңында.
Тек құлыптас мыстандай
Құнжиып тұр жанында.
Енді ғана аңғарды
Қызғылт түсті мәрмәрді.
Нар тәуекел!
Қопарды!
Қопарды да, таңғалды.
Табанында мәрмәрдің
Бір уыстай жатты алтын.
«Рақымы»–деп алланың,
Тер бұрқ етті сап-салқын!
3
Ал ағасы асықпай,
Ауды құрды Арысқа.
Көңіл күйін жасытты-ай,
Ұшырды ойын алысқа.
Тулататын толқынды
Бұлқып жатқан жайын ба?
Қашан көріп мол күнді,
Батпас екен уайымға?
Жаным таза судан да,
Жүрегім де шуақты.
Әлде қор боп туғам ба,
Көшпелі бұлт сияқты.
Отауыма от жағып,
Қашан мекен табамын?
Жоқшылықты ноқта ғып
Қашанғы құр шабамын?
Толқындарға сырғыған
Күрсіне бір қарап ап,
«Жар болғай деп бір құдай»,
Кетті өзенді жағалап.
Ауын тартты еппенен...
Дорба ілініп қалыпты!
Соры бар ғой кетпеген,
Өз-өзінен тарықты.
Ең болмаса бір балық
Ілінбепті-ау, қарашы.
Дорбасынан бір ғаріп
Айырылған-ау шамасы!
Қолын салды дорбаға,
Бір-ақ уыс тары бар.
Ілінді әрең қолға да,
Қашан байғұс жарыған!
Кенет жүзі жадырап,
Тұра ұмтылды лашыққа.
Дейді өзіне:
– Қазір–ақ,
Тек асықпа, асықпа!...
Жаны байып ілезде,
Бір-ақ уыс тарыға,
Күйге түсті бір өзге,
Ұмыт қалды зары да...
4
Айқай салып алыстан
Іні келді шаттанып.
Дорбаны ұстап Арыстан–
Ағасы отыр мақтанып.
Торғайдан да бақ құсы
Оңай екен кім білген?!
Келсе адамды тапқысы,
Қонады екен бір күнде!
I н і с і:
– Алтын деген уыста,
Қайтеміз сол тарыны?
Шаша салғын қуысқа,
Тарыдан кім жарыды?
А ғ а с ы:
– Ия, алтын бар шақта
Мейлі тары жемейік...
Анау жатқан алқапқа
Сонда да ертең себейік.
I н і с і:
– Беу, ағасы, бекерге
Белді бүгіп не керек:
Қалаға ертең кетем де,
Сауда қылам керемет:
А ғ а с ы:
– Онда өзің бар әуелі,
Байқа қала базарын.
I н і с і:
– Үй саламыз мәуелі,
Тарттық әбден азабын.
А ғ а с ы:
– Мен әзірше осында
Ермек етем тарыны.
I н і с і:
– Сен қаладан шошынба,
Бұл жерден кім жарыды?
А ғ а с ы:
–Туған жердің суынан
Ішсем-дағы өлмеспін...
I н і с і:
– Менің көңілім суығаи,
Енді қайтып көрмеспін.
А ғ а с ы:
–Жолың болсын, жалғызым,
Туған жерді ұмытпа!
I н і с і:
– Пәуескемен алқызыл
Алдырамын жуықта.
Қалаға іні кеткенде,
Жармасты аға кетпенге.
5
... Қала – думан қазаны,
Қайнап жатқан күн-түні.
Тарқамайды базары,
Ілінбейді кірпігі.
Тасқын суға түскендей
Ығын есіп ағасын.
Апиынды ішкендей
Ессіз-түссіз қаласың.
Келді–дағы шаһарға,
Іні ұмытты ағаны.
Бәрін салып бақалға,
Шотқа бәрін қағады.
Аға түгіл, ұмытты
Табынатын құдайын.
Кең сілтеді құрықты,
Ұмыт болды уайым.
Жолдан тапқан олжасы
Жол үстінде жоғалып.
Көлдей ағып көз жасы,
Қалды бір күн тоналып.
Есіркейін несіне,
Осы нағыз шерменде.
Аға түсіп есіне,
Сүмірейіп келді елге.
Басында тұр төбенің,
Арыс жатыр толқындап.
Жайқалды көк егін,
Ал жыласын солқылдап.
* * *
Хикая айттым іні үшін,
Бірі жалған, бірі шын.
Болсын бірақ есіңде:
Ең баянды ырысың–
Туған жердің төсінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу