Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  147


Автор: Әлия Дәулетбаева

Аңсар

Мен сенен кеткенмін...
Батысқа жөңкіген боз бауыр бұлттарға ілесіп,
Жел қаққан жүзімнен жалғанның жабырқау мұңы есіп.
Көзіме құйып ап көкпеңбек аспанның келбетін,
Кеткенмін кеудемде керемет арманды тербетіп.
Күн бізден шығатын шыңдарға шаншылтып шапағын,
Мен соның аттанғам білмек боп қай тұстан батарын.
Өзенге айналса Мұзтаудан еріген мың моншақ,
Тусырап жатты түз Толағай тұрпатты ұлды аңсап.
Мен сені сағынғам көшкенде белдерден бедерсіз,
көз жасым шайқаған көлдерден кемерсіз.
Жартысын толтырғам жердегі ең алып құрлықтың,
Тәкаппар таулық ем!.. Мен енді қаһарман қырлықпын!
Еділді сүйіп ем!.. Еріксіз айрылдым еркемнен,
Опасыз дүние-ай, баурыңнан бал қосып дерт емгем.
Жайықты сүйіп ем!.. Жамалын оның да басты мұң,
Жел ғана іздеп жүр жағада жоғалған жастығын.
Даламды сүйіп ем!.. Даламмен биікпін деуші едім,
Асқақтық дегенді аспанның шегімен өлшедім.
Едіге найзамды егесте сындырып алғамын,
Үзілген сапарды қауырсын қаламмен жалғадым.
Тұрмансыз тұлпарды өзіңнен суарғам соңғы рет,
Қара Ертіс, таң қалма, тентек ұл жаяулап келді деп.
Киеңнен айналдым, Көк бөрі рухым өлген жоқ,
Көп іздеп таппадым, күн батар тұсты да көргем жоқ.
Қарт Алтай , қайтейін, мен саған орала алмаймын,
Жырымды өзіңе, ғұмырды далама арнаймын.
Мағжан боп қарадым, жанарда мөлдіреп тұмса мұң,
Алыстап барамын, тағы да арбады бір сағым...
Кеш, Алтай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу