Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  104


Автор: Әбубәкір Қайран

Мұңданасың неге, дос?

Мұңданасың неге, дос?
Мелшиме сен,
‘Өмір сені сүймейді, сен сүймесең.
Қабақ түйіп қарсы алсаң дәл осылай,
Басқа түгіл, келуді мен сиретем.
Неге осынша өзінді мазаладың?
Әлдекімді кеп жүр ме жазалағың?
Жазаласаң жазала мына жүртты –
Сыпыртқы боп қоғамды тазалағын.
Жұртта кінә жоқ дерсің, елде кінә,
Онда, сірә, бар шығар менде кінә.
“Жұрт – кінәсіз” дейтінің түсінікті –
Біреуісің сол жүрттың сен де мына.
Мен де жүрттың біреуі безектеген,
Жылап түрып жауыма кезек берем.
Арлы болғым келген соң тірлігімде,
Артта жүріп, аяңдап, тезек терем.
Келтірмейтін көңілдің қошуағын,
Саған ұнап тұрған жоқ осы уәжім.
Бағайын деп келген ем қабағынды,
Шағайын деп келмеп ем досыма мұң...
Көтер басты. Көңілсіз болма бұлай,
Арсалаңда анау бір жолдағыдай.
Тымыраймай тым құрса бір жымишы,
Көңіліңе көктем кеп орнағыр-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу