Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  90


Автор: Индира Кереева

Морг

Көңіл мына...
Өз көрін кеп қазды шын,
Тағдыр тұрды...
Тым тарамыс...
Түнеріп...
...Жанарына
жазып алып жазмышын,
Жаназасын айтып жатты
бір «Өлік»...
Екінді ме?
Әлде бері бесін бе?
Суықтықтың елемейді сесін де.
Тірілердің
Тағдырынан алыстап,
Өлілерге қосылғаны есінде.
Сызат алып сынғанынша сақа түн,
Балын талмап тамызғымен тататын.
Кінәсі де,
күнәсі де жоқ мүрде,
Тыныш қана...
Салқын жерде жататын.
Тоқта, Өмір!
Сәл кідірші...
Тұра тұр!
(Маған да әлі «билет» беріп кетеді...)
Салқындыққа салғырт қарап тұратын,
Суып қалған
Тағдырлардың мекені...
Түсін көріп...
Адамдардың өңі дер,
«Өңі» дейді...
Сенер.
Сосын егілер...
...Тыныш, Тағдыр!
«тірлігіне» кіріссін,
Тірілерді асырайтын Өлілер...
Алдағы Әлем....
Алдағы арман,
жол –
ұлы!
Тоқтап қалған
Жүректердің жорығы...
...Ал менде ше...
Менің кеудем кәдімгі,
Өліп қалған Өлеңдердің
моргі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу