Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  100


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Сен де, мен де мынау үйге сия алмай...

Сен де, мен де мынау үйге сия алмай,
Сен де, мен де бір нәрсені қия алмай,
Қысқа күнде қырық рет құбылып,
Жынды болдық есімізді жия алмай.
Сен де, мен де бір күрсініп, бір күліп,
Сен де, мен де бір шығамыз, бір кіріп...
Бір нәрсені қоятындай бүлдіріп,
Бір нәрсені тастайтындай тындырып.
Сен де, мен де түйсінетін жан таппай,
Сен де, мен де сүйсінетін жан таппай,
Қиялменен ертелі-кеш қиянда
Қаңғырамыз жел айдаған қаңбақтай.
Сен де, мен де дәл осылай күн кешіп,
Сен де, мен де дәл осылай мұң кешіп,
Беймәлім бір әлемменен үндесіп,
Жын-перімен отырамыз тілдесіп.
Сен де, мен де біреулерге паң болып,
Сен де, мен де біреулерге таң болып,
Қырық жасқа қартаямыз сәт сайын
Көкке ғашық көңілдерге шаң қонып.
Сен де, мен де бір нәрсені жаға алмай,
Сен де, мен де бір нәрсені таба алмай,
Құтырған шақ құбылаға қараймыз
Қарқ-қарқ күліп сен де, мен де...жан Алла-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу