Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  115


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Анамның ақ сүтіндей аппақ дінім...

Анамның ақ сүтіндей аппақ дінім.
Анамның ақ сүтіндей аппақ тілім.
Тілімді шұбарладың,
Дінімді шимайладың,
Тар кеудеме тұншығып сыймайды əнім.
Ойымды қарақат түнге орап,
Жырымды аппақ бір нұрға орап,
Жар нұры-ау,
Жалғыз-ақ сен жаққа
жол алсам деп едім,
Осынау дертімнен оңалсам деп едім.
Күн батыс садақтай керіліп,
Күңіреніп күн батса,
Көкжиек ерінің күбірлеп,
Қоштасып барасың өлеңім…
…Мен не дейін?
Тағдырым – таразы тартылса,
Жолыма жарық боп Жар тұрса.
Сəлден соң ай туар аспаннан,
Сақалы сорғалап абызша.
Мен оған не деймін?!.
Булығам,
Тұншығам,
Күйімді кім шертер?
Қайғымды кім серпер?
Жаралы күшіктей қыңсылап,
Иесіз аулада ұлыған…
Бар менің өмірге керегім,
Аллажар!
Арыңмен демедің.
Ақ бұйра бұлттарға қарашы,
Ақ жусан өлеңім.
Ақ найза ұшында
Найзағай ойнатып,
Ақ азу тістерім ақсиып
Аспан боп күлемін.
Жолбарыс жонымды тілгілеп,
Тапталған намысты шабақтап,
Арынан тоналған ғаламды,
Арқаның аязы секілді,
Қарысам деп едім.
Алтайдың ақсарбас жауыны секілді,
Ақ жұпар күй болып,
Аңқысам деп едім.
Бабамның тасқа ойған аманат сөзіндей,
Ең соңғы жырымды қалдырсам деп едім.
Өлеңім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу