Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  104


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Атамекен

Ұзақтағы Жызақ тауы,
Медетіндей тілектің.
Күз аптабы сызаттарын,
Жазбады ғой жүректің.
Арнап қана, сəл мақтана,
Бермек едім жырымды.
Ақ мақтаңа жайлап қана,
Орап алдың гүліңді.
Тау басында, жан қасымда,
Жоқ кездерде сен бар ең.
Рауғашын да, алмасын да,
Таудың саған арнап ем.
Енді кеттің, тек жүректің,
Алып барлық тынышын.
Көп жүдеттің, елжіреттің,
Енді неттім, құрысын!
Жерде жатқан қызыл гүл,
Ел ұқпаса, сен ұғарсың,
Менің жара жанымды
Өмірі ерте үзілді
Жоғалттым мен асыл Анажанымды.
Дидарында өмір, өлім алмасқан,
Ей қызыл гүл, солып барып жатырсың
Соңғы сөзін маған айта алмастан,
Сөніп кетті менің нұрлы ақылшым.
Гүлім менің,
Семіп, қурап, сөнесің,
Күлтелерің топыраққа айналар.
Бəлкім, қайтып топырақтан өнесің,
Бірақ, маған асыл ана қайда бар?!
Зарлап, іздеп, анамды ойлап өтермін,
Көзден моншақ үзілдіре тізіп жыр...
Сенен гөрі мен сорлырақ екенмін,
Ей, табанда тозып жатқан қызыл гүл?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу