Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  125


Автор: Аманхан Əлімұлы

Анау-мынау жайларға көнбес тегін...

Анау-мынау жайларға көнбес тегін,
Жастық шақтың сезініп өлмес демін, –
Оралының барында ойнап-күлген,
Мен он сегіз, сен онда он бесте едің.
Тұлымыңа байлаған қайда шолпың,
Қол жетпейтін ұқсайды Айға ол күн.
Суға салып аяқты отырушы ек,
Сыр шолпылдап жататын майда толқын.
Құшағын жарық дүние түнге ашқанда,
Мысалы, келе-тұғын мұң басқанға, –
Тінткілеп түн қойынын мақпал қара,
Алқа Ай да өшіп-жанып тұрды аспанда.
Бетіңді бетіме кеп басқаныңда,
От ойнап қызыл-жасыл жас қанымда, –
Ен тоғай, сосын көшкен жерді қойшы,
Теңселіп тұрды алқалы аспаның да.
Сол бір кез көңілдегі көшпей, көкем,
Алыста жанған оттай өшпейді екен.
Жастық шақ елесіңе таң қаламын,
Тағдыры балға соққан төстей бекем.
Ұшқындай лықсып келген сезім легі,
Көтеріп мұңның табын көзімдегі, –
Мен болсам аума толқын күйді кештім,
Айтшы енді сезінген ең өзің нені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу