Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  143


Автор: Жүрсін Ерман

Махаббаттың алмасы

Байыбына бармай істің, сірә біз,
Ажарлауға сөзді дайын тұрамыз.
Бұқарада болған жағдай екен деп,
Жетісайда айтты маған бір аңыз.
Ақындардың қиялы ұшқыр,
жаны ізгі,
Дәл сол қиял отқа да май тамызды.
Жетісайда болған жағдай екен деп,
Әйеліме айтып келдім аңызды. – Ах, Жетісай!
Жеткеніңді көрейін!
Жетісайда толған екен мерейің...
...Түсінікті болу үшін бұл шатақ
Сол аңызды сіздерге айтып берейін.
Біз созбақтап отырғанмен өлеңді,
Аңыз дейтін ұзақ та емес ол енді.
Баяғыда болған екен бір әмір,
Бұқараға телмірткен бар әлемді.
Елдің қамы қасірет боп тұнса ғой,
Сол әмірді қинар еді мың сан ой.
Бар білгені салдырыпты өзіне
Құмар түннің мекеніндей бір сарай.
Бар өмірі сауықтарға арналған,
Беті қабыл патшаңызда бар ма арман.
Ақ сарайдың ортасында һәуіз тұр
Аспан түстес қашалған көк мәрмәрдан.
Сөздің жайын түсін, мейлі түсінбе,
Патшаңыздың патшалық бар ісінде:
Ай мен күндей шомылады арулар
Һәуіз толған көгілдір су ішінде.
Ал патшаңыз қамықпасқа қамықпай,
Сол һәуізге телміреді жалықпай.
Азияның арулары аршын төс
Су ішінде шүпірлейді балықтай.
Патша бейне осалдығын танытпай,
Телміреді жалындамай, жанықпай.
Алма мойын арулардың, дүние-ай,
Үлбірейді тамақтары мамықтай!
Қараса да жасы аққанша көзінің,
Патшаңыздың өрт шалмайды сезімін:
Һәуіз толған айдай аппақ арулар 


Басыбайлы кәнизәгі өзінің.
Басыбайлы бәрі өзінің зайыбы,
Арулар– көп,
Патша жалғыз– айыбы.
Қай аруды қуантады бұл түні
Осы ғана әміршінің уайымы.
Махаббаттан басқа күйді толғама,
Махаббаттан басқа жырды жалғама.
Қай арудың бағы жанып тұр екен – Арулардың уайымы сол ғана!
Патша жалғыз һәуіз толған обалға,
Лажы жоқ баспайтындай амалға.
Әміршінің қолында бір алма бар


Бақыт болып қонатын да сол алма!
Әміршіңіз болу керек ол да сұм,
Дегендей-ақ бір қиянат болмасын.
Кетерінде лақтырады һәуізге
Қолындағы жалғыз қызыл алмасын.
Кәнизәктәр шу етеді ұмтылып,
Жалғыз алма бәрінің де ынтығы.
Сол алманы қағып түскен аруға
Бұйырады махаббаттың бұл түні!
Махаббаттан басқа күйді толғама,
Махаббаттан басқа жырды жалғама.
Әміршінің көзі алма қыздарда,
Арулардың көзі жалғыз алмада!
Бұл аңызды маған айтқан көп құрбы 


Ертегінің аяғы жоқ – деп күлді:
Көздің жауын алатындай арулар
Жетісайдың көк алмасын жеп тұрды...
Басталарын біліп тұрып шатақтың,
Осы аңызды жарыма айтып, не таптым?


Көңілдегі күмәніңді байқадым,
Енді саған ақ жарылып айтарым:
Тергеме де,
Тексерме де мені мың,
Суымасын, суымасын сенімің.
Уысыңнан шығармасаң алмаңды
Саған ғана ауар патша көңілім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу