Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  124


Автор: Гүлбақыт Қасен

Тарихымның сұлтаны

ХХІ ғасырдың мәдени мол мұрасын,
Ұрпағыма аманат, сөзі - алтын, жыры – асыл.
Әлкей Марғұлан айтқандай:
“тарихи-мәдени белгілер –
ұлы Отанның бір қырын танытатын айнасы”.
Білімді жас көне тарих қойнауына бойласын,
Ата жолын білмесе егер, ақылға – мін, ойға –сын.
Ұлт тарихын түгендеуді мақсат еткен ұрпағы,
“Қадырғали Жалайыри кім екен?” деп ойлансын.
Ұлыларға басын иген түркілердің ұрпағы,
Бағы жанып өрлегендей бұйырып бір ұл тағы.
Ғұламалар хақ төрінен орын алған ғажайып,
Қадырғали Жалайыри – тарихымның сұлтаны.
Бір мың бес жүз отызыншы жылдың төлі ерен ер,
Жалайырдың тайпасының бесігіне бөленген.
Бабыр қайтыс болған жылы дүниеге келіпті,
Қадырғали Жалайыри – тумысынан кемеңгер.
Бабалары Қараханның заманынан белгілі,
Хан Нояны, уәзірлері, қолбасылар – елге игі.
Қосынбектей әке ұлы, Тепшік батыр атасы,
Қадырғали Жалайыри – дастан болған ерлігі.
Орта ғасыр ғұламасы бірнеше тіл меңгерген,
Араб, парсы тілдерін де өз тілімен тең көрген.
Озық шығыс классикалық әдебиетпен сусындап,
Қадырғали Жалайыри – даналыққа өң берген.
Күрес- майдан, қай сәтте де ерлік тілер жігіттен,
Жаугершілік кезеңдерде қол үзбеген үміттен.
Ақылшысы Ондан сұлтан, Сібір ханы Көшімнің,
Қадырғали Жалайыри – ер боп туған түріктен.
Аласапыран кезеңдерде әскербасы болған ер,
Білек күші, найза ұшы, ат жалына қонған ер.
Қара қазан, сары бала қамы үшін күрескен,
Қадырғали Жалайыри – өр тұлғалы сомдай ер.
Күмбірлеген көкірегі жыр керуенге күй қосып,
«Жылнамалар жинағымен» қазынаға сый қосып.
Он алтыншы ғасырдан сыр шертіп берер мұрасы,
Қадырғали Жалайыри – теңдесі жоқ философ.
Перзентінің даңқы асқан ширатқандай ел сыны,
Мәскеуде де патша-сұлтан айқара ашқан есігін.
Азаттықты аңсап өткен тарихында түріктің,
Қадырғали Жалайыри – мәңгі өлмес есімің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу