Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  82


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Зая кеткен күндерге

Күндерім жарық болмай қарауланып,
Балына жас күнімнің қана алмадық.
Құлындай құлақтатып қыршын күнді,
Қайта əйтеуір қос түздік аман қалып.
Сəулесіз талай түнгі айым батып,
Өкіндім өтті қанша зая уақыт.
Тұйықта шырқыраған жүрегімді,
Болғам жоқ жылауынан əлі уатып.
Бұл мұңнан болар еді-ау арылуға,
Жас жаным келсе өзінің қалпына.
Ей өмір өкініштің орнын төлеп,
Жүгіңді баса теңде нар ұлыңа.
Деуші еді нұр жауады талапты ерге,
Қағайын аямай-ақ қанатты өрге.
Бір белге шығып тұрып кептірейін,
Малынған ақ жейдемді қара терге.
Жинаған қайран дəурен оттың күшін,
Сол орны толарма əттең өкініштің.
Ендігі тебіреніс бір ғұмырдың,
Борышын түгел төлеп кету үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу