Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  107


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Ұшқын ойлар...

Дейтұғын бəріне еркін жаям құшақ,
Аршыған жауқазындай аяулы шақ.
Кетіпті-ау бұлықсыған бала күнім,
Бір көрген тəтті түсте аян құсап.
Секілді ұшып жүрген бақ құсы өзім,
Қаймағын бұзбай ыңғай тəтті сезім.
Бəтестей көтермейтін кіршең көңіл,
Бір ауыз ата-ананың қатты сөзін.
Кешпеген ыстық-суық онда бастан,
Бел барын бел артында ойнап асқан.
Білмеген қалатынын уыз жүрек,
Таңбасы өкініштің ойға басқан.
Талай түн ақсүйекке топтасқанда,
Жұлдыздар жаны неге, өшті аспанда.
Түймегем, мүмкін соған кеткен шығар,
Өкпелеп бала күнім қоштасқанда.
Бір гүлі көк жотаның құлын сауыр,
Жаныма сезіледі жұлынса ауыр.
Гүлдердей толықсыған бала күнің,
Көп екен бітіретін жұмысы ауыр.
***
Уақыт емес бөгеп қойған ағын,
Сен оған жомарт болма, қой қарағым.
Заңынан айыпталып қалмау үшін,
Жөн ертең кім болуды ойлағаның.
Бұл сырды əкең тегін қозғамады,
Əр тұстың бұзатын бар өз қамалы.
Саған тəн мынау сырлы дүниенің,
Көрмеген біз қиялдап өзге амалы.
Ал бізден көк өрім шақ шалғай қалып,
Барамыз ақ самайлы шалға айналып.
Мақтанар ерлігіміз саған əкеп,
Арманды көкейтесті жалғай алдық.
Мейлі жер деп түсін, көк деп түсін,
Өмірдің көрген əкең көп тепкісін.
Бақыттың мен жетпеген кемдері үшін,
Қақ жарып маңдайымды көктеп тұрсың.
Алаулап бала күнгі əр таңғы леп,
Жүрмейді адам үшін қайта бір кеп.
Бір ауыр аманатты мойныңдағы,
Əкелер үмітінің арқаны деп.
***


Оқып ап тарих деген қартымыздан,
Біз кешкен күнді ұғарсың артымыздан.
Күндер болған жалмауыз күндер болған,
Құртатындай түк қоймай тарпымыздан.
Түзген соған жоталы, қабырғалы,
Қазақ деген қайсар жан халық əлі.
Атан серке іліп ап ат үстінен,
Тартысатын қасиет қаныңдағы.
Талай өліп тірілдік біз қырқыстан,
Аман болсын бағыңның гүлі сұқтан.
Əрең көрген өмірдің көктемі бұл,
Керек оның қадірін дұрыс ұққан.
Қанықтырып салды өмір жолға бізді,
Бақытың сол басыңа қонған ізгі.
Қалай-қалай өтерсің ойлан қарғам,
Бізден қалған мойныңда мол қарызды.
Таяқ кем бе? Біз жеген күйік кем бе?
Бой таласар кез мынау биікпенде.
Аласадан көтерген тауда шыңын,
Жыр сауытын шығайын киіп мен де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу