Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  132


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Әке тілегі

Шөліңе жаңбырың боп тамам сенің,
Жайнасаң жанарыңнан табам сенім.
Санап ап төбеңдегі орайды да,
Балаймын бақытыңа, балам, сенің.
Ұқ менің тентек ұлым, ерке қызым,
Жалғанар сендерменен ертеңге ізім.
Бойыңнан жылтың көрсем жақсылықтың,
Кешемін қуаныштың мен теңізін.
Мейлің жанымды өзің қалай түсін,
Мен саған жем тасыған малай құспын.
Денеңе тимесін деп үп еткен жел,
Кеудеме жүрегіммен орай түстім.
Тілегім сенде, балам, бақ-талабым,
Жүз көрсем тапсырмаңнан мақтанамын.
Жорықтап түбінде кім боларыңды,
Басына əр биіктің ап барамын.
Тұрғандай қосып маған көп жас əлі,
Өзіңсің көңілімнің көкжасаңы.
Болсада қараұлығым тек сен үшін,
Сүйемін көңілімді көл жасауды.
Көрмеген көкейіңе бұлт түнеп,
Боп қонысың ай мен жұлдыз үміт-тілек.
Өресі сен жететін келер күннің,
Бүгінгі қиялымнан биік тұр көп.
Демеймін мəңгілікке балауса едің,
Еркіңде ертең нені қалау сенің.
Сеніңде болсын шығар бір биігің,
Сол ғана тигізетін маған себің.
Көрем бе ол анықсыз мол қатаңды,
Қимайды-ау мешкей көңіл соған тағы.
Жатса егер ат атанып, сүйек сынып,
Əкеңе бəрінен де сол батады.
Əкеңе еліктеме баршындаған,
Мейлі кім боласың болшы, балам.
Аңдып бас аяғыңды ақ жолыңа,
Өмірде бар ғой əйтеу мол шырғалаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу