Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  86


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Қуаныш

Нұр берген жанарына көзіміздің,
Қойны құт дарқан өмір өзіміздің.
Сайратып, саңқылдатып гүл бағында,
Шаттықтың айдын шалқар көлін жүздім.
Ойымда қам-қайғы жоқ алаңдайтын,
Өмірде еншім бары санамда айқын.
Бір кезде алыс қашқан дүниенің,
Жерде тұр бəрі жақын анандайтын.
Нұрланып күн келеді күн артынан,
Көзімді алдамайды мұнар тұман.
Көңілім көктемдегі көл бетіндей,
Аспанға жентек-жентек бу атылған.
Тірліктің көрген сайын жаңарғанын,
Туындап бара жатыр жаңа арманым.
Жүректен таусылғанша соңғы тамшы,
Үміттің шамы болып жанар қаны.
Жебейді шүйіншілеп халық деген,
Белдесер қуат беріп алыппенен.
Туған ел өміріңнін өзеніне,
Құятын бір бұлақ боп ағып келем.
Сытылып от басы ойдың шырмауынан,
Ат басын жарқыраған шыңға бұрғам.
Қуаныш ғұмырымның бойын бояп,
Секілді маған шабыт шын дарыған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу