Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  105


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Үзбегенмін

Зорланып, не зорлықты күш қылмағам,
Есіркеп бермеді, иə ешкім маған.
Сезімдер қақтығысқан тамыздығы,
Өлеңім жүректегі от ұшқындаған.
Өлеңім өмірімнің суреттері,
Мезгілдің бояп кеткен сынды өткелі.
Өлердей құштарлығым өлеңіме,
Келеді өрге қарай сүйреп мені.
Көкейге көп ойларды діттеп өстім,
Өлеңім жаңғырығы мықты елестің.
Атағым-абыройым бəрі сонда,
Бөлінсем өлеңімнен түкте емеспін.
Осы өлең мен өмірде қуған арман,
Көңілім сонымен шат гүлге оранған.
Тынымсыз қайнап жатқан тұрмыстағы,
Көзінен тіршіліктің құнар алған.
Көлікпін тұрмыс арба біз дегенің,
Шабытты бөтен жерден іздемедім.
Мейлі ғой қалай толқып жатса да өмір,
Үмітті өлеңімнен үзбегенмін.
Сапардамын, сар желіп сапардамын,
Жол үстінде ішер су, татар дəмім.
Тұлпарымның суытпай от тұяғын,
Жетіп алған ерлерден хат алғанмын.
Сапардамын шапқылап асығыспын,
Түсіп алды ақ бұрқақ басы қыстың.
Өтелмеген қарызым қабат–қабат,
Айтпағанмен бетіме басып ешкім.
Сапардамын сол қарыз ақталсын деп,
Алыстарға бұрамын ат басын кеп.
Қор болудан қорқамын дүниеде,
Көкірегін кететін тат басып жеп.
Ағып келем өзендей тасып əлі,
Бұл сапардың жолы да таусылады.
Тірлігімді көпсінген дұшпанымды,
Табанымнан ұшқан бір тас ұрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу