Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  130


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шыңғыстай

Шыңғыстайдың келбетін көктемдегі
көрсем деуші ем армандап көптен бері.
Құшағына ап Алтайдың от шеңбері
жабырқаған көңілім көкке өрледі.
Жылу беріп жаныма Мұзтау жақтан
жүгіріп кеп бетімнен өбкен желі.
Осы екен ғой Шыңғыстай – Оралханның
орман кезіп, ой кешіп өскен жері.
Дос-құрбысы бар ма екен – мен білмеймін,
əлде таппай өтті ме дос пендені...
Ардақтай ма бүгінгі ел Оралханын,
келгенім жоқ мен мұны тексергелі.
Асылдарды аяққа басуға əзір
от қолқалы ғасырдың шоқ шеңгелі,
Қазы, жалды ысырып бүгінгінің
жейтініндей тамсанып шөп-шөңгені.
Кербұғыны, о ғажап, қара мына!
Біреуді іздеп тауға өрлеп барады ма...
Жалт бұрылды, кілт тоқтап, маған қарай
көзін салып мұң тұнған қабағыма.
... Жас іркіліп оның да жанарына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу