Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  90


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жолда

Алтайдың таулары қандай кие жерімдей,
Шың, тасын, қалың орманын сүйем елімдей.
Ақ бұлттар жусайды аунат жоталарында
қос өркеш Маңғыстау жақтың түйелеріндей.
Жоталар жатыр жамбастап қатар жағалай,
жол қиын, табиғат мұнда қатал ма, қалай...
Қос таудың арасыменен келеміз ұшып
титімдей тікұшақпенен Катонға қарай.
Бұл жақты əн-жырға қосқан талай жылдасым,
адамы – биік, тауларды жанай туғасын.
Ғасырлар дақ сала алмаған мынау өлкеде
алыптар Оралхан сынды қалай тумасын!
Талайдың «Кербұғыны» оқып аңсаған елі,
мұнда ешкім күтіп алмайды жар сала мені.
Керіліп Кербұғылардай кербез қылықпен
Оралхан тірі болса егер қарсы алар еді.
Катонда жанымен құштар əркім өлеңге,
өлмейді ұлтымның рухы салты бар елде!
Бұл жерде туады əлі талай ұл-қыздар
жаятын қазақ елінің даңқын əлемге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу