Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  83


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бішкек

Сағынысып бір-бірін ағалаған
сенен жақын емес-ау маған адам.
Екеуімізге Алатау сая болып,
екеуімізді бір қанжар жаралаған,
екеуімізде бір өріс – дана далам.
Екеуімізде бір тағдыр, соны ұғысып,
бір өзеннің суын да бөліп ішіп,
жылқы қудық, жайлауда жолығысып;
əн шырқадық қосылып бір əуенге,
қуаныштан қан қызып, өңім ысып.
Қырғыз, қазақ кешпеген сындар бар ма...
Сезіміміз сындарда шыңдалған ба.
Жазатайым үйімде өкпелесем,
Бішкектегі тартамын туғандарға,
кімге барам əйтпесе бұл жалғанда!
Арман да бір, əн де бір, жаным басқа,
шақырыстық кезекпен соғымға, асқа.
Саған деген ақ тілеу қарындаста.
Қайғырғанда қасыңнан табылатын
жетер ме ешкім өзіңдей бауырласқа!
Сен қуансаң, шуақты менде де күн,
сен самғасаң, менің де өрлегенім!
Сіздің үйде қонақсып төрлемедім.
Қырғыз, қазақ – өзімнің қос жанарым,
қос жанарым, ешқашан сөнбе, менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу