Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  95


Автор: Фариза Оңғарсынова

Құзыр

Жер ортасына келгенде
пайда болды бір құзыр:
өңешім бе, кеудем бе –
өртейді кеп бір қыжыл.
Артық тамақ та ішпеймін,
жүріс те жоқ мезгілсіз.
Машинадан түспеймін,
жүргем де жоқ ел-күнсіз.
Айналама қарап мен
күзгі аспандай бұзылам:
іш жағымда бір жылан
салып жатады жүз ылаң.
Анау – сол да кісі ме!
озып кетті менен деп,
ас айналмай ішіме,
қасіретті шегем кеп.
Бастық қойды мынаны –
артық па еді ол менен?!
Қалқиып қос құлағы,
өмірде түк көрмеген!
Тұман басып Күн, маған
тар секілді Жер-тұғыр.
Аян берді түнде анам:
«Күншілдіктің дерті бұл».
У жанымды тырнады,
жаттым көзім жұмулы.
Жоқ па сонда бір дəрі
қайтаратын бұл уды?!
* * *
Ойларым менің – тамырын жайған гүл шыбық,
талпынар күнде сəулелі нұрға ұмсынып.
Тірлікке бейуақ шырылдап келген сəбидей,
қалайды жаны тұрғанын мəңгі күн шығып.
Ойларым дəйім жанымнан мөлдір мұң сығып,
жарқылдап кейде шаттығын шашар құлшынып.
Маған да ажал жеткені деп ұқ, ағайын,
бейуақта өлсе балапан ойым тұншығып.
Ой деген тарпаң, жығардай кейде орға да,
шырылдар салқам сəбиі үшін де сорлы ана.
Сөйтсе де қысқа ғұмырымды мынау жердегі
тіршіліктерге жалғайтын нəрім сол ғана.
Мəңгі емес ғұмыр, мені де күткен ажал бар,
жайлылық берме – тыныштығымды ал, мазамды ал,
алыңдар жиған-тергендерімнің барлығын,
ойларыма ойран салмаңдар бірақ, адамдар!


Қару байлап, қол бастап,
көзін тігіп жонға асқақ,
аузында – ел, зор мақсат
ерліктерге оқталған
болмысында батылдығы жоқтардан
батырлықты күтпе сен!
Шешенсіген алқынып,
қанында жоқ қасиетке талпынып,
ақылды сөз айтамын деп шарқ ұрып,
арыстан да, данышпан да өзі боп,
ары жағында өзіндік бір сөзі жоқ
«ақылдыдан»
даналықты күтпе сен!
Дос қамы мен бас қамы
ұмыттырып басқаны,
биліксіздер – жасқары,
адалдықты айырбастар шеніне
адамдардан
еліңе
ағалықты күтпе сен!
Халық мұңын шерткен боп,
елге жауды тепкен боп,
халық атын, абыройын жамылып,
мансабы мен атағы үшін басының
сатуға əзір асылын
адамдардан
адалдықты күтпе сен!
... Мейлі менің кете берсін жұртта есем –
мұндайлардан бас жібімді күрт кесем!
* * *
Шыға жаздап шырқырап шыбын-жаның,
адалдық деп, шындық деп шырылдадың.
Жалғандықтың жырта алмай жамылғысын,
қаншама рет қайнады зығырданың,
қаншама рет жылымға жығылмадың.
Ұғып жатыр кім бірақ мұның мəнін?
Сен жүргенмен шындық деп күнде құлап,
бірде күліп балаша, бірде жылап,
жүгіргенің шырылдап
бұл өмірде
жатыр дейсің қажет боп кімге бірақ.
Жан күйіңді естуге Күн де жырақ.
Сен жоярдай бастағы қараң күнін
жабырқау жан ақтарды саған мұңын –
бəрін өзі жасап ап,
қайғысына
ортақ етпей жүрмейді адам бүгін.
Ал ұғындың, бөлістің қасіретін,
содан жеңілдете ме заман жүгін?
Қаншама азап шексең де жер үстінде,
сақтайтын күш түбінде – адалдығың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу