Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  153


Автор: Фариза Оңғарсынова

Көш

Келіннің күлкі етеміз ұяңдығын,
қайныға ат қою да – зиянды ұғым.
Үлкеннің жолын кеспеу,
тезек теріп,
қазанға от жағу да – қиял бүгін.
Иісі таба нанның мұрын жарған,
тəтті еді-ау құйрық қатқан қымыз балдан.
Ірімшік, құрт қайнатып, басқұр тоқып,
текемет басу – бізге бүгінде арман.
Желіде шұрқырайды құлын малы.
Сыңғырлап сала құлаш бұрымдары,
көгеннен қозы ағытса қыз-келіншек,
жігіттер жүйрік мінген жымыңдады.
Шетінен сайыпқыран қыр ұлдары,
өлгені – сөзсайыста жығылғаны.
Асауға бас үйретіп, қыран салып,
арланды шықшытынан сығымдады.
Көркі – көш кең даланың құбылмалы.
Ұқпайды бүгінгі ұрпақ мұңымды əлі.
Ас беру, ат шаптыру, қыз төркіндеу –
айналды ертегіге мұның бəрі.
Жаз жайлап, қыс қыстаған қырымдағы
көш еді тірлігімнің бір ырғағы.
Қыз-келін жорға мініп, бала – тайға...
Япыр-ау, сол көшімді кім ұрлады?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу