Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  154


Автор: Фариза Оңғарсынова

Билікөл

Ұшатын Билікөлден үйрек билеп
баяғы бір күндердей
түйдек-түйдек
менің жаз көңілім де көшер ме екен
жүргенде өлең куып, үйдеп-бүйдеп...
Іс түгіл, жаман ойдың арқалаған
жазасын түбінде бір тартады адам.
Баяғы мөлдірлігін көктен іздеп,
Билікөл жатыр үнсіз шалқалаған.
Алқынып, аяз қарып түзде демім,
менің де сол мөлдірлік іздегенім.
Қаз сиреп, үйрек кеткен Билікөлдей
қоңырлау бояуы мол күзгі өлеңім.
Бал құрақ, шолпылы қыз базар күнін
еске алса, басатындай ажарды мұң.
Екеуіміз тағдырластай табысыппыз,
тек менің бітпегендей жазар жырым.
Зулайды уақыт деген құба тарлан,
шықпайды ылғи күліп мұрат алдан.
Қаздарың оралар деп, Билікөлім,
мен сені жұбатпаймын. Жұбата алман.
Нəріңнің куəсіндей балғын құрақ
бас иді қоштасарда,
жаңбыр жылап.
Киелі қасиетіңнен арылмаған
қалпыңда қастерлім боп қалдың бірақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу