Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  112


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мыңбұлақ

Жасымды сүртіп көзден жылжып аққан,
сеніммен көңіліме Күн құлатқан
жанашыр жандарыма нұр сіңірген
мен де бір татсам деп ем Мыңбұлақтан.
Бар дейді киелі Мыңбұлақта Күн,
татқан жан елең қылмай қыр аптабын,
қолымен көзін тауып аршиды екен
даланың құм бітеген бұлақтарын.
Сергітер емес мені гүлді бақ та –
жанымның Тайбурылы жүр жырақта.
Киелі қасиетін сіңірейін,
бауырым, апар мені Мыңбұлаққа!
Бұл жерде өсті, мүмкін, Айша мұңлы,
сонда да жатты-ау дала жай, сабырлы...
Осы өңір берген
елдің аспанына
Күн болар батыр ұлды, жайсаң ұлды.
Сен неге мен келгенде тұнжырадың?
Ағады арындамай, жылжып ағын.
Жанарың жылдан-жылға жуасиды,
соған мен кінəлідей қынжыламын.
Жүргенде пəктік іздеп, жұрт абдырап,
айнымай қасиетіңнен тұрсаң – мұрат,
қазақтың шөл даласын шарлайды əлі
нəр алған Мыңбұлақтан мың сан бұлақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу