Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  160


Автор: Фариза Оңғарсынова

Уақытқа наз

Арман қуып ұмтылған арай шыңға
адамзатты
тоғытып талай сынға,
сыңар езу жүйріктей, екпініңмен,
уақыт, кімді жықпадың абайсызда?
Жықтың, жақсы, жасына карамадың,
шертер дəйім ел қамын, бала қамын
қайда жайсаң кешегі ағаларым?
Жойқын жолда мені де дараладың...
Күйіп жүріп өртіне күн-аптаптың
Құлазыған шөлдерден бұлақ таптым.
Қарып-жанып мені де от-мұзыңа,
жанымды ұғар жандардан жырақтаттың.
Жырақтаттың, жылаттың, сағындырдың,
жырақ кетсе достарым – жаным кірбің.
Отырар ма ем жайраңдап,
сағынысқан
жандарымның жиып ап бəрін бір күн...
Күн туар ма жүретін, шіркін, бұлай,
серпер
төнген төбемнен бұлтымды ұдай...
Кел, Уақытым,
жаныңда жүрмесін тек
жердің сілкіністері былтырғыдай.
Ер жігітке туғызба шарасыз күн,
ұқтыр қадір-қастерін əр асылдың.
Маздат мəңгі ошағын отаулардың,
ұмыттырма əуенін анашымның!
Тоспа маған тірліктің жай ырғағын,
қалсын желдің өтінде қайың бағым.
Тек
қасаңдау əлемде
мейірімнен,
жылуынан жанымды айырмағын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу