Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  458


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ана

Жалғанда жандар жоқ-ау жыламаған,
Сүймеген, қуанбаған, құламаған.
Ғұмырда жек көру мен жақсы көру –
осындай қос сезімнен тұрады адам,
бұл заңға бағынбайды бір-ақ адам:
жар емес, əке де емес, балаң да емес,
мəңгілік құл болуға шыдар анаң.
Тек қана жақсы көріп, сезімінің
қарымын сенен ешбір сұрамаған.
Бала үшін құрбан болып сəн талайғы,
тұл етер тұрмысты да хан сарайлы.
Бала деп бір жүгірсе, онан туған
немере күмістейді сан самайды.
«Көңілі жүдейді» деп, балаға айтпай,
келіннің қаңқу сөзін де арқалайды.
Шыдайды бала жанға салса қайғы,
өлгенше ана ғана перзентіне
қызмет етуден бір шаршамайды.
Бала деп құлар сайға, жыраға да
(білмедім, мұны бала ұға ала ма...),
кешіріп қылмысын да сəбиінің
бала үшін батуға əзір күнəға ана.
Аршып ап оттан, судан төзіп, тілеп
басқа адам өмірбақи жүре ала ма?
Кереғар тірлігіңде, ей, адамзат,
не қызық көрсетесің бұл Анаға?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу