Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  238


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДАЛАМНЫҢ ӨЗІМ ЖОРТҚАН БІР ҚЫРЫНДА


Ат қайда ағын судан желіп өткен,
Ер қайда атқан оғын еңіреткен?
Қыз тартып тумағасын анасына,
Әкеге бала тартпай кері кеткен.
Жылт етіп көздерінде нұры жанып,
Сыртымнан жүр ме жауым қыбы қанып.
 Мен бейбақ сорладым ба, кім біледі?
Шайқаста ердің бәрін қырып алып.
Мені елде отыр дейсің кім сағынып,
Заман да жынын атып, тұр қағынып.
Көзіне күйік болмай көрінгеннің,
Сегіз жыл жортқанымда түн жамылып.
Жақпады қай қылығым бұл ғаламға,
Қай құдай мені салған шырғалаңға?
Тар екен жалған дүние етіктейін,
Ар қуып,
намыс қуып тулағанға.
Өр мінез күркіреген даусым барда,
Жүрмеуім керек неге тау-шыңдарда.
Танымай ұлы ақынын алыса ма,
Амалы уақыттың таусылғанда.
Басылмай қара боран құйындаған,
Тағдырым күннен-күнге қиындаған.
Мен кейде қыр түлкісі секілдімін,
Қар үстін әрі-бері шиырлаған.
Туған ел озық елмен теңелгенде,
Жортпас ем аш бөрідей белең-белде.
Сан мәрте бұл жүріске нәлет айттым,
Шер-шемен жылан болып мені емгенде.
Жыртығы бітеле ме дүниенің,
Жапанда жортып жүріп мен өлгенде.
Сілкінген қыран едім тұғырында,
Бітуге жақын тұр ма ғұмырым да.
Әйтеуір басым қалса жарар еді,
Даламның өзім жортқан бір қырында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу