Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  167


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЛҒАНДЫҒЫ БОЛМАСА ДҮНИЕНІҢ


Қайран ақын сергелдең жүріспенен,
Ер-тұрманын тоздырған күмістеген.
Екіталай күн туып,
шөл қысқанда,
Құлан ішпес қақ суын кім ішпеген?!
Өз тағдыры өзіне көнбегенде,
Махамбет те ішкен-ді шөлдегенде.
Жалғыз өзі жапанда жортар ма еді,
Бір қара бұлт басына төнбегенде.
Ұлы ақында жалғанның құны бар ма?
Азапты өмір үшін Ол туылған ба?
Қасқыр қанша бұғынып тұра қашқан,
Іші кейде қасқырдай ұлығанда.
Шың емес пе Махамбет дара тұрған,
Неге,
неге көзіне нала тұнған?
Елдің неге асылын қуғындайды,
Неге әділетсіз Дүние жаратылған?!
Өр ақынды айырып тағатынан,
Ішке бүгіп сұмдығын дала тынған.
Нарын құмын кезеді шырқ айналып,
Қайырылған құстайын қанатынан.
 Қайда барса қалмайды қара қайғы,
Қара жердің атқылап қабатынан.
Елі неге сұрау сап іздемейді,
Тірілердің сызбаса санатынан?!
Қан тамыры тартылса тулап аққан,
Не істесін Махамбет мұңға батқан?
Жалғыздықпен жапанда қалды айқасып,
Қанша батыр болса да мыңға шапқан.
Ол болмаса басымды кімге иемін,
Қасиетін арқалап күн киенің.
Бұл өмірден Махамбет баз кеше ме,
Жалғандығы болмаса Дүниенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу