Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАЙҚАСЫП ТЕҢДІК ҮШІН…


Жігіттер!
Суық ажал қайдан деме.
Даланың бар төбесі – майдан төбе.
Кеудеңе неге, неге қадалмасын,
Ышқынып атылса егер сайдан жебе.
Жігіттер!
Суық ажал қайдан деме.
Өмірдің білсең егер өзі – майдан,
Ашылсын көк тұманнан көзі қайдан.
Анадан арыстан боп туған жандар
Асырып өткен жоқ па сесін Айдан.
Тірліктің қайдан бітсін тайталасы,
Қазақтың жау болса егер айналасы.
Ел қорғап, жауға аттанған ер жігіттің
Қалмаған домаланып қайда Басы.
Айқайлап атқа қонған күшке енеді,
Атынан өлмей қашан түскен еді.
Бағзыдан келе жатқан салт бойынша,
Ер жігіт үйде туып, түзде өледі.
Кім келіп, бұл өмірде кім өлмеген,
Бай да өлген бақ-дәулетін түгендеген.
Хан да өлген,
патша да өлген,
батыр да өлген
Бұзықты тезге салып жүгендеген.
 Жасасын мың жыл, мейлі, жаман қарға,
Бәрібір сүйрей алмас заманды алға.
Шайқасып теңдік үшін асыл ермен
Бірге өлсек бұл жалғанда арман бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу