Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  100


Автор: Рафаэль Ниязбек

КІМГЕ ДӘРІ ҚЫЗЫҒЫ ДҮНИЕНІҢ


Намыс қалғып, ар-ұят көз ілгелі,
Жылжымады бұл елдің көші ілгері.
Арманымның мертігіп арғымағы,
Көңілімнің боздап тұр бозінгені.
Арманымның мертігіп арғымағы,
Туған жердің зарлы әлі жар-құмағы.
Жұмыр басым сырқырып ауырады,
Тағдырымның қысқанда тар тұмағы.
Ақиқаттың алдына жүгінгенде,
Жалғыздығым, амал жоқ, білінді елде.
Бәлкім, ұлы мұратқа мен жетермін,
Өлген рухы ұлтымның тірілгенде.
Туым құлап ағынға қарсы аққанда,
Өмір кештім қысылып тар шатқалда.
Саған барып сырласқым келеді ылғи
Ойсыздардың ортасы шаршатқанда.
Сен секілді жұрт мені түсінгенде,
Сызылмас ем құзырлы тізімнен де.
 Талай мәрте жалғадың, Серік мырза,
Үмітімнің ақ жібі үзілгенде.
Жартастары шағылып, уатылған,
Қаратаудың не пайда қуатынан.
Қараулықтың айғыры тұр арқырап,
Адалдықтың су ішіп суатынан.
Қарағанда көзінен нұр атылған,
Күндер қалай айрылған қуатынан.
Қарау күштер жер-жерде атқа мініп,
Асқақ рухтың қорғаны құлатылған.
Кесірінен ақымақ бұл жүйенің,
Бағы қайтып әлі де тұр киенің.
Бұл өмірде әділдік жоқ болса егер,
Кімге дәрі қызығы дүниенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу