Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  269


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰРПАҚ ДАУСЫ

Көр, кәне, құлан сүйек жасты ұнатпай,
Бойынан тұра ала ма тасқын атпай.
Жүгіріп келсем керек бұл өмірге
Қайнардан атқып шыққан тас бұлақтай.
Бұл менің тағдырға ерте өшіккенім,
Көрген жоқ сүйектегі өшіп кегім.
Дүние астан-кестен боп жатқанда
Келді ғой менің сонда кешікпегім.
Ол кезде жатты толқын тасқа ұрынып,
Ол кезде құлады оқтан жас қырылып.
Мен сонда кім болғаным жатсам егер
Анамның құрсағында жасырынып.
Жатпадым тас қып байлап көзді бекем,
Айтпадым көбік бұлт боп сөзді бөтен.
Жаулар да жер жастанды...
 Ана барда
Өмірдің өлмейтінін сезді ме екен?!
Майданда жатты сонда жау қырылып,
Қарады сол бір тұсқа тау бұрылып.
Сондағы қуанышты қаз даусымнан
Жатыпты туған далам жаңғырығып.
Болған соң даласы алып, анасы алып,
Оларға тартпайды ма баласы анық.
Мен сонда еңсемді алғаш тік көтердім,
Тұрсын деп дүние түгел аласарып.
Ордалы омырауымды таңға аштырып,
Үйімде отырмадым малдас құрып.
Бетке алып бір жұлдызды тарта бердім,
Үзілген әке өмірін жалғастырып.
Бұл менің тағдырға ерте өшіккенім,
Көрген жоқ сүйектегі өшіп кегім.
Дүние астан-кестен боп жатқанда
Бола ма менің сонда кешіккенім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу