Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  129


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТАМ БАРДА...

Ата көзбен қараған адамдарға,
Көп барушы ем ауылға атам барда.
Иесіне тартқан ғой,
Киесіне
Нардың жүгін көтерген атандар да.
 Адам болып,
Жігіт боп ес білгелі,
Ескермепті атамдай ешкім мені.
Дүниеден сол атам өтіп еді
Мені іздеген ешбір үн естілмеді.
Отыр қазір сол бір үн елжіретіп,
Самал соқса жанымнан көл дір етіп.
Қайран атам алдымнан шығушы еді
Ақ сақалын ақ тудай желбіретіп.
Ақ көйлегі жарасып тұлғасына,
Кешке жақын шығатын қыр басына.
– Бұлағымсың, – дейтұғын, – сен де менің
Ертіп барып бұлақтың тұнбасына.
Соңына ерген аз көріп бір баланы,
Ойға шомып кейде ол мұңданады.
– Ұмытқаның атаңды, – дейді сонда, –
Ұлым, егер ұмытсаң бұл даланы.
Жер болса да жүрген бұл талай барып,
Сөз тыңдадым жүзіне қарай қалып.
Сәуле шашқан атамның сол сөзінен
Қалушы еді көңілім арайланып.
Әлденеге келгенде қаным қайнап,
Көп жатушы ем саялы бағын жайлап.
– Құр қол, ұлым, қайтпа! – деп, – үлкен үйден
Жіберетін жаныма жалын байлап.
Күні жетіп,
Көз алмай тұнық көктен,
Атам ақтық сапарға жүріп кеткен.
Алып-ұшып ауылға барғанымда
Қарсы алдымнан шықпады күліп көктем.
 Туған жердің томсарып құба белі,
Тартылды ма кездейсоқ бұла көлі.
Болмады ешкім ауылда
Баяғыдай
Атам құсап қарсы алған мына мені.
Шуақ төгіп сәл ғана көздерінен,
Болып кетті артынша өздерімен.
Атам барда тым ыстық көрінетін
Ауылым еді...
Қалай тез өзгерілген.
Жүгірсем де кеудемді шынарға ашып,
Қалмай қойды соңымнан мұң арбасып.
Аунап-қунап ауылда жатсам-дағы
Тұрып алды көңілді мұнар басып.
Атам жоқ қой,
Сондықтан тұл атағым,
Арайланып атқанмен бұла таңым.
Ауылда да беделің артпайды екен
Болмаса егер беделді бір адамың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу