Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  76


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЙТӨБЕ

Айналаңды осынша шолармысың,
Сенсің бе әлде қолыма қонар құсым.
Шөккен әлде Қаратау – қасіреттен
Көпті көрген қарт бабам болармысың.
Оу, Тайтөбе, төсінен шаң ұшпаған,
Кезі бар ма тағдырдың жанышпаған.
 Дулығасы батырдың болармысың
Аманат қып еліне табыстаған.
Астында аспан деген нұр шатырдың,
Көрген жанның көзіне мұң шақырдың.
Кей елдердің тауынан биік тұрған
Қабірі ме ең сен әлде бір батырдың.
Сан көрінген мұнартып құба белден,
Тайтөбесің міз бақпай тұра берген.
Бабалардың сен әлде рухымысың
Қара жерді қақ жарып шыға келген.
Кейде өзіңді, Тайтөбе, сән көресің,
Сән көресің,
Түрленіп әнге енесің.
Сол көрікпен тағы да тұрғаның бір
Сұлулардың еске сап сәукелесін.
Таңмен бірге түрегеп мұңсыз атқан,
Төбе болдың жұлдызын түнге ұзатқан.
Даңқын күткен жанартау
Сенсің бе әлде
Атылардың алдында үнсіз жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу