15.04.2022
  92


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҚЫТТЫ ПАДИШАМЫЗҒА МАДАҚ


Түнете тулай берме, уа, жүрегім,
Қиялдап іздей берме арман шегін.
Шегінен апат қиял шегінейін,
Безейін арманымнан, әзір кейін.
Сызылған мәңгі көктің күмбезінде,
Төрт жыр бар, нөпір ескен әуезінде;
Бірінші – Алла тақтын бөлеген жыр,–
Жаралған жарық әлем, содан өмір.
Екінші – жыр арналды пайғамбарға,–
Ісләмнің туын жұртқа жайған жанға.
Үшінші жыр – есіміңе мадақ құдай –
Төгілді ізгі ауыздан сөз жақұттай.
Соңғы жыр – тыңда өзің ақ падишам!
Үлгі сөз патшаларға ақылшыдан –
Кең жерді билеушіге арнадым мен,
Ықылымның аштым асыл арнасын кең.
Сол патша құрды күшті мемлекетті,
Әлемге сән-салтанат, сәулет етті.
 Ол таққа отырғызды қанша шахты,
Тәж сыйлап қазынасын қанша шашты.
Ол елдің таянышы, дін шырағы,
Заманның сақтаушысы, күн шуағы.


Ол ұлы – Крупа-Арслан1, жиһангер шаһ,
Даңқына Алп-Арслан2 келмейді шақ.
Ол Маһди – құтқарушы елді адасқан,
Дүниеде патшалық жоқ одан асқан.
Ол Рүстем, Рахш сынды пырақ мінген,
Ол ұлы, елге бейбіт шуақ берген.
Аспандай ұлылығы бұлттай кенен,
Азуы арыстандай, қолы – берен.
Тіршілік құлыпталған сол заманда,
Гауһардай берді әлемге оны Алла.
Ол – әлем, бейне өзендей тасып жатқан,
Қолынан інжу-маржан толқып аққан.
Өмірді фәнидегі байтақ әлем
Бір тамшы рахымы да толқынға тең.
Барша жұрт мадақтады даналығын,
Биледі ол теңіз бен жер аралығын.
Төбесі көкке жетті тақты биік,
Көзіне мағриб – шарқ кетер сыйып.
1
Крупа-Арслан (1174-1208) – Низамиге «Жеті аруды» жазуға тапсырма берген
патша. 2
Алп-Арслан (1063-1072) – Селжүктің атақты сұлтаны, Византияны шапқан.
 Сипаты, аруағы тең періштеге,
Ұлық ол – тума сынды пейішке де –
Ол түнде жалын атып, жау табады,
Найзағай қылышымен жайратады.
Әулетін ақсұңқардың сақтаған ол,
Ұқсаған тәлім алып тап соған ол.
Ол ұлы,– басын ұрған атақ оған,
Тиылып соғыс сойқан бұққан одан.
Тұрғызды ол от өзекке мұнараны,
Ізінен әнбрә әуә – нұр ағады.
Сұсынан жаудың аты жер құшады,
Арыстан құрығынан ығысады.
Той болса жеміс нәрін шалқытады,
Мұзды да жалындата балқытады.
Найзасын қайрағанда майдан үшін,
Сескенер – тірлік сезіп ойран ісін.
Мырзалық бастауының ашса бетін,
Сыйға ол шексіз жомарт, мейірбан тым.
Тынымсыз теңіздей ол толқып ағар,
Қайрылса – семсер, ақса – қамшы соғар.
Семсерін сермей қалса – толқын тулар,
Қамшысын соқса толқын қашып шулар.
 Жарқылдар муштаридей түн көгінде,
Ат мінсе кейван қашар түнегіне.
Айдаһарға мінетін арыстан бар,
Биікте де күндей жанған бар от қанжар.
Бейне сол,– көрсең шаһты сайысқанда,
От шашар айдаһар мен арыстанға.
Қылышпен айдаһарды жайратады,
Жыландай бүктеліп ол жай жатады.
Жүйіткіген жебелері қырда түйреп,
Арыстан, жолбарыстар қалды сиреп.
Сұсынан аю шошып, маймаң қағар,
Аю не? Арыстанды байлап алар.
Арыстан, барыс, бөрі көп қырылды,
Дарқан қыр киікке де тар көрінді.
Сынаптай жалт-жұлт етті аң жүрген сай,
Барыс пен қасқыр жарғақ – бойына сай.
Садақты шаһтың қолы қалса тартып.
Тығылар тал ішіне қабан қорқып.
Ол мерген, өнерімен болған өктем,
Бұғыға өз терісін кебін еткен.
Майданға шықса сабаз ләшкерімен,
Ізінде лағылдай боп тас өрілген.
 Астында ат найзағай жарқылдаған,
Қолында алмас қылыш жалтылдаған.
Майдан мен тойда жарқын ол мерейлі,
Жан алса жан беруге кенен пейлі.
Ұлылық пен даңқына бөленіп жер,
Масайрап жайнап өтті сол кемеңгер.
Патшаға хас бейнеге ол барабар,
Бойда мүшкі, жеңінде лағылы бар.
Солар бергі әлемге хош иісті,
Жер төбесіне алқа боп солар түсті.
Жарасқан қамқа шапан тұлғасына,
Дулыға көктей жайнап тұр басында.
Мүмәдә алса оқты қорамсақтан,
Меридиан дерсің көкті орап басқан.
Ғаламның төрт негізі1 кең соншама,
Патшалық төсегінде көпшік қана.
Дұшпанын айбалтамен жәукемдеген,
Керген ол босағаға төрт шегемен.
Жайнатты алтын айдай дос келбетін,
Қарайтты зынжыдай ғып жаудың бетін
Сондай-ақ көктің алтын тағасынан,
Төкпей ме алмас лағыл тау-тасынан.
1
Ғаламның төрт негізі – жер, су, ауа, от.
 Түкпірден алмас жайнап құрметіне
Кендегі лағыл жанды түнек түнде.
Тау беріп, қуатымен теңіз қозар,
Даңқымен арайланып жақұт маздар.
Ол сақшы екі үйіне мәңгіліктің,
Сақтаушы адам рухын, арын жұрттың.
Түсінер ол сақилықты сөзден ғайып.
Паш етер құлдарына сырын жайып.
Зырлаған көк күмбезі оны сақтап,
Даңқтың зафар нұрын жүрер ақтап.
Патшамыз көп жасасын Алла жебеп.
Билесін жерді ұзақ бақыт билеп.
Нәсілі ұрпағымның жұлдыздары,
Ай болсын мәңгі-бақи жайнап бәрі.
Көк тұнған көз жанары жарқыл қағып,
Болсын ол өшпес күндей жерге жарық.
Қос күн тұр тахта бізге нәзір сыйлап,
Шұғыласын дүниеге болып шырақ.
Біреуі Фирдоусидей данышпан шаһ,
Біреуі – Хосроудай жаны асқақ.
Насрат бірінің аты – жеңісі хақ,
Тәж-тақтың жайнатып сапармен шаһ.
 Екіншісі аталды – Аспан болып,
Ахмед – деді тағы мақтан көріп.
Мұхаммед, Ахмед – бір сөз лұғаты
Екеуі, бір есімнің қос сипаты.
Бұл екі ат – қос жұлдыздай зымыраған,
Бірақ та бір шеңберде қимылдаған.
Екі үшкір, бір сызықпен дәл тартылған,
Бір қолмен, бір қаламмен жаратылған.
Біріне – жеңіс кілті ұстатылған,
Ал бірі айдынымен көкке атылған.
Бірінің жеңіс аты майданға ұшқан,
Ал бірі көктен қылыш қалқан құшқан.
Біреуі – әке алдында үш самғады,
Ал бірі – хаққа төрт рет аспандады.
Қос көздің жанарындай көп жарқырап,
Шаһқа медет, біздерге болсын шырақ.
Түстік пен терістікте арасы от
Сақ тұрсын патшалықтың панасы боп.
Оралсын шаһ торына бақыт құсы,
Әрі кең бұлтсыз болсын көк тынысы.
Жайнасын күн шуағы маңдайында,
Мұхаммед берген нұр ғой жер райына,
 Пейішін ашсын оған сұлу Балкис!
Тағына Сүлейменнің жансын жұлдыз.
Әлемге сақилығы кетсін шалқып,
Ал Балкис ана болсын асқан артық.
Хызырдай шаһ есімі жасап берсін,
Әлемге өмір нәрі тасып өрсін.
Саясы пайғамбардың сәуле тұнған.
Сақтасын желден гүлді шалқып тұрған.
Қалқаны Сүлейменнің жерді аялап,
Дәулетің болсын мәңгі кең сая бақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу