👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  29


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Ел толғауы

Бас қамын жалғыз жасаған,
Жапалақ жатыр жауында.
Дауылдан туған жас қыран,
Шарықтап ұшар дауылда.
Кеше бір кектің көзінде,
Семсерді ұстап серт бердік;
Әр солдаттың кезінде,
Арынан ұшқан от көрдік.
Намысқа жанып найзаны,
Жауға бір лап қойғанда,
Серт болды ерлік айғағы,
Келмеді үрей ойға да,
Алдында көсем серт еттік;
Тартып шеру тағы да.
Бесжылдықты тездеттік,
Адамзаттың бағына.
Ғасырдың аттап сатысын,
Шығуға ырғып басына,
Ұмтылды жыйнап бар күшін,
Қазақтың қарты, жасы да,
Қансонарда – қан майдан.
Тұғырда түлек тұрар ма,
Сыпырмай терді маңдайдан,
Егесте ұлар шыдар ма.
Өрт жігері жарқылдап,
Шықпаса серттен ер ер ме,
Елдің сертін артып ап,
Көтермесе жер жер ме!
Отты, селді Қаратау,
Сілкіне атты тастарын,
Отанға байтақ осынау,
Естіледі сол сарын.
Бұлтты түйреп тітіретіп,
Жайды тосар қырандай,
Алтайым тұр серт етіп,
Қияңнан көзін бір алмай,
Асынып арды ант еттік.
Алдымызда – төте жол;
Майданына еңбектің,
Аттандық түгел түмен қол.
Озып кеттік оқ бойы,
Жарамай жылдар жетекке,
Сағаттар талай қап қойды,
Қаншама ұшқыр десек те.
Шұрқырап түзде төрт түлік,
Тұрмайды бота ноқтада,
Бермеуге ырық бел будық,
Ысқырып сұрапыл соқса да.
Боз бестінің екпіні,
Боранды бұзды Арқада,
Бозбаланың екпіні
Түсірді ноқат қартаға.
Сыңсыған Шудың қамысы,
Шерітті күйін шаттықтың,
Қойға толды қобысы,
Құлазыған Мойынқұм.
Сырдың шөлейт даласын,
Телегей теңіз көл басты.
Сертінің қағып қанатын,
Сермеді халқым құлашты.
Алатаудың ақ төсін,
Аймалады торғын бұлт.
Жалау етіп өз сертін,
Егіске шықты дүйім жұрт.
Сапырылған сары алтын –
Самсаған дала сары бидай –
Антын берді бар халқым,
Жыйнауға бір дән қалдырмай.
Жеріме жерік ақ мақта,
Күнгейдің өсті төрінде,
Шепке шыққан солдатша,
Қаптадық ойлы өңірде.
Мекен болған сағымға,
Сар далаға гүл ектік.
Тартып шеру тағы да,
Алдында көсем серт еттік.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы