Өлеңдер ✍️

  06.04.2022
  175


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚОШАЛАҚ ҚҰМЫНДА

Кетіп жатты сары дала, кетіп жатты,
сұлы дəнін саршұнақ шекіп жатты.
Мына маңай не дейді-ай: қурай даусы
маңырағаны секілді жетім лақтың.
Бір қарайған қиянда қозғалады –
соған асық, жоқ жолшым, өзге амалың,
Мына дала не дейді-ай: желдің үні
сауулы інгеннің секілді боздағаны.
Елестетті сары қияқ тісті кəрі,
сары, сары барлығы... пісті бəрі.
Мына маңай не дейді:.. əлдеқайда
мұрны құрт сары атан пысқырады.
Жатпа, қиял, маңайды арала, тұр,
жалқау аяқ соңыңнан барады ақыр.
Блокнот та сарғайды қалтамдағы,
ойдың өзі сарғайып бара жатыр.
Жалқау құмның жадына жасырынған
жадау ойдың жетіпті жасы мыңға.
...Керек екен бұл маңға бір жаңалық,
телеграф-бағандар, асығыңдар!..
* * *
Қалам қасқа сен айтсаң сенем деді,
сен жұмсасаң сөз байғұс көнем деді.
Сенейін бе мен саған, көнейін бе,
қайда апара жатырсың, өлең мені?
Шешемді еміп өсіп ем, жел емгелі
біраз болды, желіктім,
желем дедім.
Асықпай-ақ туып ем, дедектетіп
қайда əкеле жатырсың, өлең мені?
Басы айналмас кісінің төмендегі,
төменіңе қалдыршы, өлең, мені.
бір қарызым бəрібір төленбейді;
Ақын болды десе де жасында əйгі,
қақ жартысы жырымның басылмайды.
Бір сөзім бар – бəрібір айтылмайды,
бір есігім бəрібір ашылмайды...
* * *
Келіп қалдың кимелеп, киіз боп бұлт,
бір-біріңді түртіңдер – мүйіз боп түрт.
Түрткілеңдер біріңді-бірің бұлттар,
бір-біріңді осылай мүйіздеп құрт.
Ала шыңдар, тұр əне, ала шыңдар,
үймелеңдер сол шыңға, таласыңдар.
Талассаңдар əйтеуір аласыңдар –
не аласың: атақ па, аласың ба ар?
Жалаң шыңның желі жоқ жағын ықтап
жылаңқы бұлт, жылжып бақ, жағынып бақ.
Дүрлігісіп көріңдер дүлей бастар,
ойнап қалсын талайлар тағы бұқпақ.
Болат балқып жатыр ма, жұмыс тұтап,
гудогындай заводтың ұлысты тап...
«Ұят қайда?» дедім де қалдым тартып
найзағайды жұлып ап күміс бұтақ.
* * *
Жапырақ қалсын алақанын күлбіретіп,
бұтақтардан құйылшы күмбір етіп,
ағылшы бір, ақ нөсер, əжелердің
ұршығының жібіндей дір-дір етіп.
Қытықшыл ақ айдынның шымшып етін,
түршігетін жасашы, түршігетін.
Əйнегімді айғыздап тілші нөсер,
Жып-жылтыр тереземнің тілші бетін!..
* * *
Түрленбеші, түрленбе, түрленбе, өлең,
жұрт мақтамас түрленіп жүргенменен.
Бір сонеттің үш жолы секілденіп,
отырмыз ғой үш жыршы бір бөлмеде.
Үшеуміз де жазған соң сылқым жыр көп,
бірімізді-біріміз түрту міндет.
Секілдіміз үшеуміз үш қара шың
бір-бірінің жататын бұлтын күндеп.
Үшеуміз де ұлы ақын, ұлы кеуде –
ұнамайды ешкімнің жыры кейде.
Тірі Пушкин біріміз, ал біріміз
тірі Данте, біріміз тірі Гейне.
Əзілдейді жұрт бізді: «үш ұлы ақын...»
ұлы десе несі бар қысылатын?!
Екшеп айтар еріңнен, жанымызға
ойнаса да мақтаған кісі жақын.
Бірімізді-біріміз, ей, бөсіңіз:
мақтаймыз-ау жата ғап кейде осы біз.
Сондай кезде есіктен енген адам,
тірі классиктермен сөйлесіңіз!
Іштен үшем туғандай, іштен егіз,
айтылмаған қалмайды ештеңеміз.
Үш бөлеміз əлемнің даналығын,
«жартыны да» тең етіп үш бөлеміз.
Содан кейін... үш парақ аламыз да
ұлылар боп қараймыз даламызға.
Үш қара шың бола ғап түйілеміз
ұлы деген бір сөзге бола мұздап.
Қиялдайды, бас байғұс қиялдайды,
төбе жайлы, су жайлы, қияқ жайлы.
...Ұлы ақындар жазса да өлең бірақ
жаман болып тууға ұялмайды!
* * *
Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған,
өзге жұрттың дейсің ғой бəрі надан.
Талант күші – табыну болса шын-ақ,
бір кісідей мен де осы табына алам.
Болса ақынға табыну құрмет тегі, –
бір кісідей табындым, дірдектедім.
Түсінсеңші ойбай-ау, түсінсеңші
Мен Пушкин болмайын деп жүр деп пе едің?
Толстойдан бір цитат суырасың,
Лермонтовтан бір цитат суырасың.
цитатыңның шығып тұр əзір буы,
не істейсің сол цитаттар суығасын?!
Цитат тапсаң, не себеп, мені ұрасың,
Пушкин-таудан кесек ап мені ұрасың.
Лермонтовтың кетпесін əруағы атып
Толстойдың қалмасын томы басып!
Күлегешке ұнаймын зар илесем,
қайғылының жанына жəне үйлесем.
Бірақ Пушкин емесім бəріңе аян,
Белинский емессің, əрине, сен.
Қуқылдана, соғасың құшырлана, –
сəбисің-ау, жарған ба тісің жаңа.
Ұлы ақындар, сеніңше, өлген сын-ды
тірі ақынды мұқату үшін ғана.
Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді,
менің үшін
жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам.
* * *
Білем: бұл саған айтар сыр емесін,
қоймайды айт деп бірақ жүрек осы.
Аң қусам – қуар болдым ақсағанын,
қыз қусам – қуар болдым күлегешін.
Қалжыңнан қашу үшін күн ілгері
аға деп атайды қыз бүгін мені.
Шаппады қосқан атым құдай атып,
түйіліп түскен құсым түк ілмеді.
Жүйріктің аяғы жоқ – жүгірмедім,
көңілі ғана қалды – түңілмедім.
Қазықта қалдым бүгін, елеңдетті
алыста шапқан аттың дүбірлері.
Баяғы жыр ауруы алды меңдеп,
жатырмын жырды баптап, жанды үнемдеп.
Басымнан ұшып бағы жігіттіктің,
«беделі» ағалықтың қалды менде...
* * *
Толғансам, Туған жер, сен сиынарым,
тірлігім сиынбасам қиын əлі.
Тауыңмен рухымды көтер менің –
естілсін əнім ойлы, күйім анық.
Тартпайды маған біткен тасқын бəсең
жатқанда табанымның астында сен.
Ұстатпа домбырамды надан қолға,
кеудемді жамандарға бастырма сен.
Өнерді өзіңе арнап өрлеткелі
мидан ой, қабағымнан тер кетпеді.
Орманның ойларымен оят мені,
теңіздің толқынымен тербет мені.
Тимеген ат тұяғы қайран адыр,
бір жыршы туды сен деп сайрағалы.
Алысқа баста мені дала жолы,
атымды, Талап-атшы, айда, кəне!
Тек саған, саған ғана сүйенемін,
топырақ қасиетті, киелі елім.
Бұталар, етегімнен іліп, тартпа,
шоқалдар, қолтығымнан сүйе мені...
* * *
Жүректегі азын-аулақ қазынадан
Жылт еткенді жыр етем, жазып алам.
Жырымды жазып алған қазынадан
Желге айдап қоя бердім азынаған.
Ақылдың ауласында бағып-қағып,
отырмын бір жинақты ағытқалы.
Шығарып өз сынымның ауласынан
оқушы ауылына бағыттадым.
Əйнектен түсті бірі талып барып,
кіре алмай қайтты бірі қағып-қағып.
Өлтірдім бір жинақты өз қолыммен, –
ол анау пəпке деген табыттағы.
...Тағы жазып жатырмын шабыттанып.
* * *
Табиғат мінезді етіп берсе тілді,
ойлап ем мінезді өлең көрсетуді.
Жақындап кетіп едің –
бұрқ еттім мен
талайдан жан баспаған жол секілді.
Көп жаннан көрінеу қаштым,
сырт бекіндім,
болғам жоқ арасына ірткі екі ұлдың,
Ақ бу боп үлп етіп ең – түйілдім мен
толассыз жауатұғын бұлт секілді.
Пісіріп жеп жүрмін өз сөзімді асып,
өзге ойым жоқ қарасаң көзіңді ашып.
қуанам өз бұлтымды өзім қуып,
мұңаям өз шаңымды өзім басып...
* * *
Қажыдым-ау күнбе-күн жұмыстан-ақ,
Кісі емес,
мен бүгінде құмырсқа нақ.
Қыздар сыңғырлап күліп...
қажытты əбден
құлағымның түбінде күміс санап.
Бұлақ бұлғап барады көк шарқатын,
төк, бұлт, жібек жібіңді,
төк тарқатып.
Дүбірлетті-ау кеудені,
арқама əкеп
Алматының көктемі көкпар тартып.
Қоздырды-ау делебені,
көлденеңі
Кез жігіт көрсетуге келді өлеңін:
Қолжазбаға қарадым...
өтті күнім
тыпыршумен жүйріктей кермедегі.
* * *
Жанатұғын жан құсап бүгін бағың,
Қол ұсынсаң – ерінің діріл қағып,
аға боп мен бір ақыл айтады деп,
қарындас келіп тұрсың жырыңды алып.
Жымиғаның жанымды жеп барады, –
самайымның жасырам ептеп ағын.
Жазғаныңа қараудан гөрі менің
жанарыңа қарағым кеп барады.
Ақыл айту оңай ғой, айтам əлі,
айта аламын, мен де ақыл айта аламын:
Ақыл қонса жырды жұрт қояр еді;
ақыл қонса сұлулар бай табады.
Ақылшы деп келдің-ау, тапқан-ақсың,
ебін тапсам жырыңды мақтамақпын.
Сол жағымда сайтан тұр сықылықтап,
періштем тұр оң жақта ақ қанатты.
Ишараты қымсыну, іркілудің –
именшектеу жүзіңе күлкі кірді.
Көз жанарың мөлт етіп төгілердей,
қағып қалсаң қаттырақ кірпігіңді.
Кемшілігі жырыңның байқалмас бұл:
періштемнің орынын сайтан басты...
Əй, шырағым, мен ақыл айта алмаспын,
əй, білмеймін, білмеймін... айта алмаспын.
* * *
Бағы қайда көктемнің, бағы қайда,
созыла ма қыс тағы жарым айға.
Ұмтылғанға тағы да жетпей ме қол,
атқан оғым тағы да дарымай ма.
Ыстық нандай батырған сарымайға,
балқып, еріп отырмын тағы да ойға.
Қорғасындай миы бар мына бастың
қадірі жоқ кезі кеп тарыдай да.
Қайда бағы көктемнің, қайда бағы,
ықтасынға көр-қоқым айналады.
Болмасты ойлап, келместі күтуменен
бір тал шаштай үмітпен байланамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу