Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  187


Автор: Нұрлан Оразалин

АРАСЫНДА АРУАҚТАР МЕН ТIРIНIҢ


«Сен – көктесiң, мен – жердемiн,
Сен – перiште, мен – пендемiн…»
Кеңшiлiк
Ұланымның аруағына арнаймын.
***
Сен жоқсың…
Аспан асты, жер бетiнде,
(бiр жұлдыз ағып түстi жерге түнде);
«ағалап» ендi менi тұрмас бiр жан,
түрсем де қанша құлақ желге түнде.
Жалынға жүрегiмдi суғарып ап,
тауымды қозғағанмен жырға бұлап;
«ағалап» ендi маған келмес бiр жан,
тоссам да түнде қанша қырға құлақ.
Отырмын ұстай алмай көшкiн ойды,
кеудемдi қара қайғы кескiлейдi.
Рухың тыңдар ма, iнiм, ғарыштағы,
менi ешкiм сендей ендi естiмейдi?!
Көк пенен елеңдетiп шыңдағы Айды,
елесiң шақырады, мұндалайды.
 
Сен жоқсың жер үстiнде ендi мәңгi,
менi ешкiм сендей ендi тыңдамайды.
Сен жоқсың…
Көңiл-дүлей, сағым-қайғы,
сезiмiм аласұрып, бағынбайды.
Аспан асты, жер үстi сенсiз – жетiм,
менi ешкiм сендей ендi сағынбайды…
қаңтар, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу