Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  98


Автор: Нұрлан Оразалин

Жырақтадың…

Жырақтадың…
Сен менен жырақтадың,
кетпей қойды кеудемнен бiрақ та мұң;
жаным бүгiн жауынды көшедейiн,
шашын жайып жылауда құрақ-талым.
Жауынды түн. Көгiмнен құлатты ма Ай?
(Дайын жүрген жан едiм сынаққа ұдай)…
Пендедейiн жоғалтқан өзiн өзi,
қандай күйге бөледiң, «шұнақ құдай»?!
Сағыныштың қалтырап жапырағы,
Алматының аспаны «ах» ұрады.
Көше дел-сал… Қол бұлғап неон шамы,
жетiм сезiм, жерiк үн шақырады.
Құдыреттiң қондырып төрге түнiн,
көкiректi сiлкуде тербетiп үн;
ұйқысынан оятып жатқандайын
долы мiнез сезiмiн жер бетiнiң.
Ағыл-тегiл…
Жаңбырлы – көше бүгiн…
Көк төсiмен күркiреп көшедi мұң.
Жаңбырлы түн – жастығым тiл қатуда,
жалғасындай жаңғырып кешегiнiң?..
маусым, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу