Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  98


Автор: Нұрлан Оразалин

Алыстың ба?

Алыстың ба? Мықтап алыс (Басқа – сын),
тастай ғып өр «өлең-сөздiң» таспасын.
Әр жолыңды, әр сөзiңдi салмақта,
ордалы ойдың берекесi қашпасын.
Сезiм жоқта қызыл сөзден от өрмес,
нардың жүгiн ботатiрсек көтермес,
арыстандай атылмаса бiр ойың,
қара тер боп жыр жазғаның – бекер, бос.
Шыт-шыт болған боз тақырға – су қайғы,
қара ормандар жел соққанда шулайды,
қара түнде қарсы келмей мұңменен
жан сергiтер жақсы жырлар тумайды.
Шын ақынға шырқыраған сөз – қайғы,
мұңы, шерi, қуанышы тозбайды.
«Шын жыласа – соқыр көзден жас шығар»,
шындық қана жүректердi қозғайды.
Алыстың ба? Мықтап алыс – жығар боп,
сулы жерге гүл жайқалып, шығар көк.
Ордалы ойың сонда ғана өлмейдi,
әр сөзiңдi сонда ғана ұғар көп…
қазан, 1982 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу