Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  146


Автор: Нұрлан Оразалин

Көктем…

Көктем…
Қалада – көктем бүгiн…
Ұмыт болып ой, азап, шеккен мұңың.
Үлпершегi жарылып аспанымның,
саулап жауып жатқандай көктен бiр үн.
Қабағынан таулардың еседi нұр,
жанарынан қырлардың көшедi жыр,
көктеменiң көз тоймас сиқырын-ай
ұмыттырған қайғымды кешегi бiр.
Көшедi жыр…
Көңiлде бұлақ күлiп,
бәйшешектен көкорай қырат тұнып;
жыл құсының сыңсыған дыбысына
жатқандайын дүние құлақ түрiп.
Әуелеген аққу-үн…
Армандайын…
Қыз жанарлы дүние – жалғандайын.
Жаратқанның жолдаған әуенiне
көк пен жерiм қосыла салғандайын.
Көктем…
Далада – көктем бүгiн,
ұмыт болып ой, азап, шеккен мұңым.
Шабандозын iздеген жүйрiктейiн
құлағыма жетедi көктен бiр үн...
наурыз, 1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу