Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  97


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨГІЛДІР ӘЛЕМ

Көктемнің нұры шарпыған, – Аспан мен жердің арасы.
Ән менен күйі шалқыған, Әлемге мынау қарашы:
Белдері неткен кең еді, Не деген биік асқары.
Желпіген жұпар желегі, Сүйкімді жатқан тас-тағы.
Жасдәурен қырда қырмызы, – Қауызын гүлдей жаңа ашқан;
Елімнің барша ұл-қызы, Ынтымақ тауып жарасқан.
Шаруасын сайлап күнімен, Қайтса да шаршап жұмыстан;
Табады рахат үйінен, Тұрмысы, жайы – гүлстан.
Түрлене түлеп аймағы, Бақтары бүрлеп құлпырған.
Жандары сондай жайдары, Өмірі жарқын нұр тұнған.
Күн озған сайын жақсарып, Көркейіп келед өлкем бұл.
Аққудай жүзген ақша бұлт, Аспаным қандай мөп-мөлдір.
Жап-жасыл жалпақ жондары, Көлдері қандай көгілдір.
Жүйткіген асфальт жолдары, Өркенін жайған өңір бұл.
Алқапты бойлай көсіліп, Ну орман қалың найқалған.
Аялап диқан өсіріп, Егінжай қандай жайқалған.
 Жырламай қалай өтемін, Келмесін ойға қайғы-мұң;
Бұл менің нұрлы мекенім, Бақытым менен байлығым!
* * *
Туған өңір, орман-таулы, далаңқы,
Құшағыңда құмар болған балаң тұр:
Аңсап келдім, айналайын, ал аңқы, –
Жұпар исі, жусан исі, қалампыр!
Аққуларым, аққу мойын киіктер,
Сені көріп көңіл шыңы биіктер.
Шалғыныңда шаттанайын, сүйікті ел,
Ақ жаңбырым, ағыл-тегіл құйып бер!
Шыңдап өскен аязың мен аптабың,
Туған өңір, өткен бала шақтарым;
Гүліңді алып шықшы алдымнан, бақтарым,
Шуағыңа шомылдыршы, ақ таңым!
Көптен аңсап көре алмаған бір-бірін,
Қасындамын құралай көз құрбының:
Құшағыңды аш, құмар қылған қыр бүгін,
Сайра-сайра, сандуғашым, бұлбұлым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу