Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  167


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖҮРМІН ӘЛІ

Бау-бағымнан естіліп бұлбұл әні,
Жайнап тұрған кезде осы гүлдің әрі.
Тереңірек сүңгісем деуші ем көлге
Қалқып-батып бетінде жүрмін әлі.
Сүңги алмай тым терең келем көптен,
Ұшқыр жандар көп болып менен де өткен.
 Қолдан ұшқан қаймақтас қалқып-батып,
Қалқып-батып жүріп-ақ терең кеткен.
Бау-бағымнан естіліп бұлбұл әні,
Жайнап тұрған кезде осы гүлдің әрі.
Алысқа ұзап шығандап шапсам деп ем
Алты қырдың астында жүрмін әлі.
Құлан далам, орманым құндақтаған,
Көп екен-ау төскейің ну қаптаған.
Орта жолда жүрсем де келем ұшып,
Паровоздай түтіні будақтаған.
Таңда туған тұлғадай көк төрінде,
Жастық шағым алаулап өтті өрінде.
Заңғар ала тауларға шықсам деп ем
Жүрмін әлі алқынып бөктерінде.
Тұрған жоқ па күлімдеп күн төрімнен,
Шуақ, нұр деп көңілім мың бөлінген.
Неге ендеше шықпаймын жатқан шығып
Заңғар таудың басына кім көрінген.
***
Жиын-тойды керемет құрмет көріп,
Ішіп жүрдің бір қыдыр дүрмекке еріп.
Осы күні өзіңді кім көрінген
Алма-кезек артына жүр бөктеріп.
Бас қойдың да шараптың бұлағына,
Айтқан сөзді ілмедің құлағыңа.
Мастығыңнан болар-ау
Сан жығылдың
Қойдан жуас міне алмай құнаныңа.
 Шықты ма әлде кім білсін сеніміңнен,
Сергелдең күн сені ерттеп, сені мінген.
Қасыңда ылғи тұрмаса бір көк шыны,
Ажыраған жандайсың серігіңнен.
“Болмаушы ма ед от-жасын жасындарда,
Қалмау жағын көп ойла басың қарда.”
Екі күннің бірінде, – дейсің және, -
“Беріп жүріп ел таны асың барда”.
Нөсеріндей аспанның құйып берген,
Шаштың солай барыңды жиып, терген.
Аузыңды ашсаң қара жын атқылайды,
Кезің және болмапты тиып көрген.
Туған жан ең бір кезде құшып көктем,
Неге ұшығың қайтадан ұшықты өктем.
Сылтауың ба ед...
Қайтейін жалғыз сенсің:
– Ел танысам, – деп жүріп ішіп кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу