Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  251


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАБЫНДЫҚТАҒЫ ОЙ

Шалғы жүзін жанып қалсам қайраққа,
Көңілденіп мінем қайта қайратқа.
Дестеленіп сұлап жатыр жоңышқа,
Маңдай терім сорғалайды қонышқа.
Шалғы жүзін оңды-солды сілтесем,
Өткен күннің тарихымен тілдесем.
Соның бәрі көргендерге кіл кесел,
Жанарыма құйылады күнде сел.
Сол бір күннің тарихына қараңдар,
Сонау жылы дәл осылай адамдар.
Ұшқан оқтан аңырап бір құлады-ау,
Ұшқан оқтан аңырап бір сұлады-ау.
***
Қара көңіл ағарсын жаусын қар көп,
Көрінесің көзіме тау сұңқар боп.
Айтады ылғи үлкендер, асыл әке,
Саңқылында қыранның даусың бар деп.
 Көрген жоқтай сен барда бақ тарылып,
Шын шырайлы тұратын шақтар күліп.
Досқа деген көңілің жатушы еді,
Таудан аққан бұлақтай ақтарылып.
Әке, сенің мен үшін күлкің де әсем,
Айға атылам созылып, бұлқын десең.
Құм жасырған ізіңді таба алмадым,
Қайда жүрсің, жан әке, бұл күнде сен.
Мына біз ек өртеніп, жанатын да,
Жігіттердің жүрген соң санатында.
Кеттің бе әлде көгіне бірге ілесіп,
Көлден ұщқан аққудың қанатында.
Жұлдыздарын шашқанда жандырып көк,
Жауларыңды есінен тандырып көп,
Кеттің бе әлде сом балға соғылғанда,
Қара төстен тараған жаңғырық боп.
Сіздер барда ұшпаған алқынып оқ,
Жүйріктердің жүрген соң қарқыны боп.
Ел шетіне жау келіп шапқан күні,
Кеттің бе әлде семсердің жарқылы боп...
***
О, соғыс, талайды сен еңіреттің,
Оғымен қырқып атып зеңбіректің.
Жеңгемді қаралы етіп, орамал ғып,
Жауыпсың қара бұлтын зеңгір көктің.
Жүзінен қылышыңның қан таматын,
Кеспекші болғаның шын таң қанатын.
 Өмірді күйретсең де оқ боратып,
Адам ба бүлігіңе таңданатын.
Өртіңнен мұздар жанып, тас күйетін,
Сақтадық Бауыржанның қасиетін.
Әлемге тұндырып қан көл етсең де,
Мен бе екен алдыңа кеп бас иетін.
Арқалап әкем өлді мол арманын,
Тұтқасын маған тастап қол арбаның.
О, соғыс, жер бетіне енді қайтып,
Әкемді тірілтсең де оралмағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу