Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  147


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН СОНЫ БІЛМЕДІҢ БЕ?

Гүлжанға
Бұл сенің сөзің түгіл күлкің көсем,
Көгіңде көбік бұлт боп дүркін көшем.
Аямасаң, түсемін жерге үзіліп,
Аяласаң, гүл болып бір күнде өсем.
Сен соны білмедің бе?
Бұлбұл ғып сырлы әуенін салғызды орман,
Бірақ та кеудем шерге сансыз толған.
 Досым аз,
Топ ауылдан мен бөлінген
Бір үймін сонау шетке жалғыз қонған.
Сен соны білмедің бе?
Кездер көп кезексіз-ақ сақ сынатын,
Күнім бар досымды да жатсынатын.
Мен сенен тұрсам да алыс, жүрсем де алыс
Кеудеме жыр боп еніп жатсын атың.
Арманым заңғар биік тұрды көктей,
Бола ма жас жігітке тірлік етпей.
Көп қыздың жүрегінде бола тұрып,
Бір саған қолым менің жүрді жетпей.
Сен соны білмедің бе?
***
Той неге тойламаймын,
Қасына кеп құздардың
Мен сені ойламаймын,
Бірі деп көп қыздардың.
Шегі бар тізбектің де,
Нұры бол от күндердің.
Мен сені үзбекпін бе,
Бірі деп көп гүлдердің.
Мен сені іздеп күнде,
Биіктен от құлаттым.
Суыңды ішпекпін бе,
Бірі деп көп бұлақтың.
Сен маған киіктейсің,
Тасадан шыға келген.
 Шың, асқар биіктейсің,
Кіл нұрдан шуақ өрген.
От жүрек жатпайтындай,
Шын арын көп керек пе.
Аққуды атпайтындай,
Қыранды өкпелетпе.
Күлгенде сен деп күлем,
Барында жыр ұранның.
Аққуы сен деп білем,
Тәкаппар бір қыранның.
***
Ренжіте көрме ақынды,
Ашулы ақын онсыз да.
Түсінші, болсаң ақылды,
Адасып жүрме жолсызда.
Сөз естіп жақын досынан,
Алдына барған дұшпанның.
Күтпеген жерден, тосыннан
Жадырап тұрып құшқан мұң.
Жазады жырын ол тынбай,
Сия ғып қара көз жасын.
Оқыса,
қалар жол тыңдай,
Дүниені бір сәт қозғасын.
Түсінші, болсаң ақылды,
Бұрқанбас дейсің қай кісі.
Ренжіте көрме ақынды,
Жетерлік оның қайғысы.
 Орынсыз текке терлеме,
Бақытты жансың жерде сен.
Ақынды тірі жерлеме,
Өлген соң, мейлі, жерлесең.
***
Қарайсың, қарындасым, бойға бөтен,
Кім білсін: дейсің бе әлде тойға жетем.
Қос қаздың қаңқылдаған даусын естіп,
Сен жайлы... өзім жайлы ойға кетем.
Жақсының нарқын білер бағасын көп,
Көрсетіп мінді көзге тағасың кеп.
Біздерді өмір өзі теңгереді,
Қарындас, айта көрме ағасың деп.
Сезерсің, күй шыға ма үзікті өрлей,
Өткенді жайға отырсақ тізіп, термей.
Жігіт көңіл ақ айдын,
Тереңдігін
Аққу қыздар білмейді жүзіп көрмей.
Тым ерте: дей алмаймын ғұмыр үзем,
Қаққанда ұшырады шымыр тізем.
Мендегі сұңқар жүрек қонар болса,
Көздеген шынар мақсат тұғыры сен.
***
Жатағыңның тұрамын іргесінде,
Көп қылығың көңілді жүрді есімде.
Ойда жоқта әйтеуір танысып ек,
Алматының көгілдір бір кешінде,
 Жүрегімнен сен жайлы жыр атты деп,
Жүргенім жоқ сағалап жырақты көп.
Өлең жазсам теңеймін бұрымыңа,
Тау басынан құлаған бұлақты кеп.
Алматының тым биік терегіне,
Қол жетпесе демеймін – керегі не.
Жанарыңа сүңгимін көл деп ұғып,
Мейлі тартып кетсе де тереңіне.
***
Батырлар махаббатын
Қанымен ұқтырған.
Арулар махаббатын
Жанымен ұқтырған.
Ожарлар махаббатын
Білекпен ұқтырған.
Ақындар махаббатын
Жүрекпен ұқтырған.
Жасықтар махаббатын
Жасымен ұқтырған.
Ұлылар махаббатын
Басымен ұқтырған.
Ал, бір адамның
Махаббатын көремін.
Таңғы шықтардан,
Жел қуған бұлттардан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу