28.02.2022
  259


Автор: Елена Әбдіхалықова

Шынар көлі

Сөз басы:
Шынар көлі – сыңар көл,
Ұран салған қамысы –
Жағадан ап жылан қол,
Жығылғанда намысы.
Шынар көлі – айдыным!
Шарайнасы жұртымның,
Қамағанда қайғы-мұң,
Саған барып, сілкіндім!
Шынар көлі – шындығым!
Шынар ару бесігі!
Шырғалаң күн шылбырын
Жылдар алып жосыды…
Шынар көлі – несібім –
Тектілердің тұғыры.
... Қақтым аңыз есігін,
Шынар болған құлыбы...
1. Бұқарбай
Дүние деген дүрбелең
Дақпырты – дабыл, даңқы бар,
Дүрбелеңдерде кіл берен
Дүлдүлдер туған халқы – нар!
Сыр өзен бойы сан тарих.
Шертіссең сырды, кел, достым,
Орнаса-дағы қанша жұт,
тірлікке себеп өлмес Күн.
Сонау бір түбек – Кеңтүбек –
Көпке де қоныс құт – мекен.
Сардар ел сарбаз ұл тілеп,
Сыбаға кімнен күтті екен?!
Туған ел алтын тұғырлы,
Түбегі – толғау, баба сыр.
Тудырған батыр бір ұлды,
Бір қызды оған жанашыр!
Бұқарбай еді сол ұлың,
Атағын Қыр мен Сыр білер,
Ордадан сайлап орынын,
сөзі мен ісін үлгі дер.
Асынып қару, қол бастап,
салт атты, суыт жүрісті,
қорғайды жаумен шайқаста
туған жер деген ырысты.
Орыстар ойын ұзартып,
Хиуадан Қоқан қоқаңдар,
Иыққа тағдыр жүк артып,
Именсе, Елі, Отан бар.
Салдырмай таңба сүйекке,
Сүйейтін елін сол батыр,
Сенетін кие – тілекке,
Даланың ғана солдаты.
От еді ол кез ерлерге,
Намыс та одан асатын.
Қия да, қия белдерге
Қиялмен қадам басатын:
«Қараша жұртым, өз елім,
қайраңда қалған балықтай
ойранға түсті-ау өзегің!
Күн қайда шығар жарыққа?!
Халқыма теңдік әперсем,
Садаға – жаным сұраусыз,
Амалым қанша екі өлсем?
Көміңдер онда құрансыз.»
.... Жақсылар ұйып сөзіне,
Жасағы – жұрты, жақтасы:
төменде Әлім, шектісі,
Қыпшақта Досбол датқасы.
.... «Жаратқан ием жар болып,
жүрегін намыс, ар қорып,
сайланса жауға ерлері,
Дұшпаны – болса жеңгені.
Ырысы жұрттың сарқылмай,
Ұрыстан ұлы тартынбай,
Ел қамы болса – ер қамы –
Жеріңнің болса қорғаны!
Бағыңның онда болғаны!»
Осы сөз ұран, антындай,
Олардан мәңгі өтті өмір,
Дауылпаз далам, даңқыңды
шығарып кеткен көкке бір,
Бұқарбай сынды тұлғаның
ерлігі, сосын есі еді.
Жанымды қарып бір жалын
Жалтылдап алдан көшеді.
Кеңтүбегімде – кие жыр,
Шынар көл, сенсің – сырлы әнім,
Сыңсиды толқып сырғалы үн,
Сен жақтан самал еседі!
... Сонау жылдары Қасым ханның бір баласы Елікей сұлтан
(Ермұхамбет Қасымов) Сыр бойында билік құрды. Бұл кезең хан
тұқымдарының басынан бағы қайтып тұрған кез-тін. ...
Әсіресе, Кенесарыға да соңғы тұяқ серпетін уақытында Сыр
бойы халқының көп көмегі тигені тарихи шындық. Соның
айғағындай, Кенесары Сыр бойына келіп қайтадан қол жинайды...
2. Кенесары
Сонау бір сонау күндерде,
Сыбызғы мұңды үндерге
үзірік болған үміттер
үзіле жаздап жүргенде,
Үкімі қатал Ақ патша
Үстемдік етті біздерге!
Жандаралдарға жан бітіп,
Жайсаңдарымды қаңғытып,
Хиуа, Қоқан хандығы
қойғанда тұяқ қарғытып,
Жағалай қонған Сыр суын
сарсылды халық қан жұтып.
Байтақ та, байтақ даламды
Байсалды, арлы бабамды,
Болашақ деген баламды
Ататын арлы күнімдей,
Ақ жаулықты анамды.
Арша да еті борша боп,
Бақытым түгел болса деп,
Сол үшін жанын аяспай,
Мезгілмен, күнмен санаспай,
Шыбын да жанын бөлмелеп,
Серттесер мәңгі ер керек!
От кешер қанды ер керек!
.... Ерлігі ердің қорек боп,
Ес жиып қалды ел ептеп,
Төренің ұлын зерек деп,
Кенені хан деп сайлады
Торғай мен Сырдың аймағы:
Қияға хабар салдырып,
Батырдан – батыр алдырып,
Қол жиып, қатар тұрысты,
Бастамақ болып бір істі.
Батырға батыр қосылды,
Аққан қан судай жосылды.
Ақ Патша болып әбігер,
Қоқанның демі тосылды.
Салтанат, сауық ханда жоқ,
Уақыт-ты ол кез тым қатал!
Санатта, сірә, санда жоқ
санаса күндер түн қатар.
Шығыстан шалқып шықпай күн
Шырайы келмей күн батар!
Өзекті жесе өрт – қайғы
өзендей тулап үн қатар:
“Елді де билер ұлықтар
жауыңа болса кіріптар,
Кеудеңе мәңгі мұң қатар!
Атасыз бидің ісінен,
Опасыз жаудың күшінен,
Шемен де, шемен шер қатар
Шерлі бір ердің ішіне.
Шемен де шемен шер қатса,
Шырқырап күйіп ел жатса,
Шіреніп тартар ақ жебе
Шегеніп оғын кімге атар?!
Кімді атар? Кімді атар?...»
.... Жасағы ханның кіл батыр:
Ағыбай еді бір батыр,
Наурызбай ханның інісі,
Ерлердің болған тынысы.
Бұқарбай, Сейіл Сырда тұр....
.... Қияда жатқан қырғызды
құрыққа тағы ілгізді.
Орынбар, Ырғыз, Торғайдың
даласындағы ел-қайғы:
жайсаң бір күнді көп күтті –
жегідей жанын жеп бітті....
3. Бірігу
Кеудесін ханның кек қысып,
Оранып мұңға, от құшып,
Ойлаумен елдің қайғысын
көп күндер көзден кетті ұшып....
Хан Кене Сырға беттеді,
Ойға алған ісі көп-тегі:
Ес жиып алса азырақ,
Жауына қайта кекті еді.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Наурызбайы бағына,
Бұқарбайы тағы да...
Батырлары отты еді.
Сан-саққа тартып ой-сарын,
Төбеден ауып Ай-сағым,
Адыра қалмай ар-намыс,
Ақ сөзге құлақ қойса кім,
Ханның да болмас арманы!
Аманат сөзді төрелер
Сөйлесе, ізге ел ерер.
Бір тайпа елдің Сырдағы,
Болар деп жауда бір жаны,
Құрмаққа кеңес, жинады
Жұртының жақсы-жайсаңын.
Хан ием тілін кім алмас,
Қосыны мұндай құралмас,
Бұқарбай батыр бұл-алмас,
Мергенде Меңлі, Қабандар,
Халқына ғана алаңдар!
Ағыбай батыр қол бастар,
Наурызбай батыр жол бастар!...
Ақмешіт – шаһар қаласын,
Аралап шүйгін даласын,
Жаппастың біліп бағасын,
Алдырып ақыл – ағасын
«Қосыл» деп хабар салдырды,
Мініске жүйрік алдырды.....
Сыр бойына келіп, ат тұяғын қосысқан батырлар ел аралап
жүріп, елге сыйлы Жаппас Ізбас баласы Өтебай байдың үйіне
түседі.
Болдырып талай жорықтан,
шалдығып, шаршап зорыққан
батырлар бұрып ат басын,
кісінің қақты қақпасын:
Өтебай жаппас сол елде
еретін елім дегенге,
ауқатты, арлы кісі еді.
Үйіне қонақ түседі.
Өтебайдың аса ақылдылығымен, ғажайып сұлулығымен елге
даңқы шыққан Шынар атты қызы бар еді...
4. Шынар
Жөн сілтер алда жүгендей,
Жауына түскен шідердей
ерлердің биік бағасын,
батырын, биін, ағасын
басымда бақ деп білетін,
тілегін тілеп жүретін,
арзан бір сөзге алынбас!
сұйық бір ізге салынбас!
Сүйріктей ұлмен жалындас!
Қазақта бар-ды қарындас!
Ол қыздың аты – Шынар-ды!
Сөзіне әркім құмар-ды...
...Батырлар төрге жайғасты,
бағылан басы – қойды асты.
Бірінен бірі сөз алып,
Мән-жайды былай қозғасты:
Наурызбай батыр:
«Тек сұрасаң тегім бар,
кімнен менің кемім бар?
Ордалы тұқым, бегім бар,
Санаспаған адамға
Қайтпас қатал кегім бар».
Ағыбай батыр:
«Менің атым Ағыбай,
Дұшпанға сілтегенім
кеткен емес дарымай,
Біреулерге күнмін,
Біреулерге мұңмын,
Бірақ, қатынға жүрмін жарымай.
Осынымды ескерерсің, жаным-ай...»
Бұқарбай батыр айтты:
«Қас дұшпанға
қадалсам, қан алмастан бір тынбадым,
кеудемді кек, көзімді жас қысқанда
Күң еттім дұшпанымның сылқымдарын.
Қарын мен қайғы болмай ұртымдағым,
Жеп өстім жастайымнан жұртым қамын.
Ізетті бала едің, тәлімің бар,
Ісіме қанағат қып, іркіл, жаным.»
.... Сөз бітті – сусын ішіп, сыр алысты.
Үшеудің басылмады күмәні ішкі –
«Қыз біреу, құда төртеу» дегендей-ақ,
Таңдауы керек қыздың бір арысты.
Демейді мынаны – артық, ананы – кем,
Бәрі де өскен жандар дала әнімен,
Кетуге ыңғайланған батырлардан
Қыз бұйым сұрады сөз сабағымен.
Күткені осы сынды Ағыбайдың:
«Дұшпанға танытсақ та, жаным, айбын,
жан едік саяқ кілең, сезінбеген
жар құшып, жандасудың әлі қайырын.
Күш десе, атасы оның болғандаймыз,
Ат үсті, жау жағалап, жол қамдаймыз.
Мастықпен қызық қуып, ойын ойнап,
Қыздарды күзетпеген сормаңдаймыз.
Бас қосып өзіңіздей бір арумен,
Баянды үй болсақ деп армандаймыз!»
«Ендеше, –деді Шынар, мынау сөзім:
Төгіліп үшеуіңнен тұр-ау сезім,
Бағамды білген жанға басымды ием,
Тәңірден соны ғана сұраушы едім.
Наурызбай, батыр аға, төре тұқым,
Қастерлеп ел-жұрты пір көретұғын,
Ақ сүйегің арам боп азбайды ма,
Біздей қара болғанда өбетінің?
Жақсының жанын былғап, салтты бұзып,
Жағдайым жоқ қой Сізге еретұғын!
Ағалар,
бағы – жанжал батыр да – бір,
Қазығын жұлып ұшқан шатыр да – бір.
Арғымақтан түспеген саңлақ та – бір,
Жел айдаса жүйткіген қаңбақ та – бір.
Сіздер жау күзеткенде, мал күзеткен
мені де санайды жұрт шаңырақтағы ұл....
.... Ағыбай, асыл аға, ауылың қашық,
Әйтпесе, жіберер ем жалғап қазір....! »
Жауабы Бұқарбайдың берілмеді,
(дәстүр-ау бұл осындай о күндегі),
Шынар қыз бір қарады, үндемеді.
Шынайы ілтипатпен көңілдегі.
... Нық еді қыз кесімі.
Бас құрады.
Бұқарбай барын тойға шаштырады.
... Басталды тағы жорту, басылмай-ақ
той соңы, жар құшудың мастығы әлі....
5. Жорықта
Жұрт алаң. Жақсылары отты құшқан.
Жер дауы, жесір дауы... көп-ті дұшпан.
Алауыз елдің іші, оған қоса,
Ілік мол сыртқы жаумен қақтығысқан.
Құрығы ұзын еді ақ патшаның....
Қазақтың біледі де топтасқанын,
Кенені талқандауға шақырады
Қырғыздың манаптарын – жақтастарын.
Сыр бойы – Хан Кененің шегінері.
Сан оймен қабырғасы сөгіледі.
Қоқан – зіл, орыста – күш, қырғыз анау....
Бұлдырлау болашағы көрінеді....
.... Басталды ұрыс тағы,
қанды жорық,
шайқасу, сілтеп найза жанды беріп,
Қырғыздар қажыр қылып қоршауымен
Басқадан Бұқарбайды алды бөліп.
Берісер емес көпке жалғыз батыр,
Шашылған төңіректе қанды із жатыр.
Торбесті тақымдағы жараланып,
Серігі хас батырдың жанды үзді ақыр.
Жау бекем, күш күмәнді көбейткен-ді,
Батырлық сынға түсер кезек келді,
Қоршауда жаяу қалған жолдасына
Көмекке келіп жетті Керейт Меңлі.
Үдейді қырғыз біліп ұтылмасын,
Қос батыр – қаймығу кем, күпір басым,
жатса да қанша жерден қайрат қылып,
Сезеді жаудан оңай құтылмасын.
Жолдасын бірге жүріп жұтар қайғы
жау жеңсе, қалай жаны мұқалмайды?
Меңлі астындағы атын беріп,
Құтқарып жібереді Бұқарбайды.
... Оларды жараса ма дана десем?
Бағаңды өзіммен бір ала көшем...
Меңлідей асыл достың арқасында,
Бұқарбай қалған дейді аман-есен....
.... Әлқисса, Кенесары жасағының негізі батырларының бірі,
мыңбасы Бұқарбай батырдың әрдайым ел тыныштығын қорғаумен
жортуылда жүргенінде, елдің ішкі саясатына оның жары Шынар
шешеміз егелік еткен көрінеді.... Бірде жары Бұқарбай жорықтан
қашан келер екен деп күтіп отырғанда, Сыр бойындағы Бұқарбай
ауылын Хиуа бетінен төтеннен келіп жау шабады....
Шаңдатты ауыл сырты. Ат дүбірі...
Сарт етті санадағы сақтық үні,
Шынар қыз шарт түйініп, атқа қонып,
Барлайды «кім екен?» деп аттылыны...
«Ойпырай, мынау неме,
қалай – қалай....
Ауылға беттей шауып абайламай,
Жоқ жерден жаман ырым бастамақ па?!»...
Шынар қыз тебінді атты солай қарай....
Бір ойы бара жатыр жанын үгіп,
Тұрған жоқ кім екенін әлі біліп,
....Аттылар Шынар шапқан жаққа қарай
екпіндеп жетіп қалды салып ұрып.
Қыз тартты ат тізгінін.
Сөз бастады:
«Уа, кімсіздер?»
Олар ой қозғаспады...
Біреуі төне түсті.... бекершілік
бұдан соң әңгіменің жалғаспағы.
«Кім бұлар, ұстамы не, дұшпаны кім?
Жұмсайды неге сонша күш-қаруын?»
Шынар қыз шайқасуда, түк түсінбей
шап берген қылығына дұшпанының.
Бұл ойын бұзды біреу, болған күпті:
«Бұйырмай біздейлерге қолдан шықтыШынарды еститінбіз ержүрек деп,
Келеміз сынайық деп сол қаншықты!»
«Ендеше, іздегенің – менмін Шынар,
Жау тисе, жалғыз шапқан – белгім шығар.
Қамшының сабы емеспін, өле қалсам,
Қанға – қан ер құнындай ел құн сұрар».
... Жан еді дидары күн, тілегі мың,
Даланың тосады екен кім елігін?
Найзасы сілтеп салған бір сарбаздың
Дәл тиді нақ тұсына жүрегінің.
... Көл әне, көбік атқан, мұңы ішінде,
көнермей аңыз жұрттың жүр ішінде,
төбе боп жатыр бүгін жағасы оның
Текті қыз мекен еткен тірісінде.
Сөз соңы:
Шынар апа,
Аруым!
Адалдығың – анық Ай!
Ала күнге тәлімің
Айтылар-ау сан ұдай.
... Намысымды жанадың,
ұсақталсам тарыдай...
Шынар апа,
Шынарым!
Шежіресі жерімнің.
Кеудемдегі тұмарым!
Көне көзі елімнің!
...соры болған бұла күн
қазы қалқып жүр әні,
қайтылмаған кегіңнің....
Шынар апа,
шеше-дүр,
Шаңырағың – Ар, Намыс.
Шежіре еді кеше қыр -
шаранаға қорғаныс.
...елдің іші - есер ұл...
естілерім болды алыс...
Ертеңгі күн – толғаныс....
Шынар апа,
Сал құлақ!
Шындығы сен заманның,
Затың әйел,
Арғымақ
дүлдүлісің даламның.
... Өтті уақыт, ал, бірақ,
өзгерген жоқ қалпынан
қараулығы адамның.
Астана, 2007- 2008 жылдар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу